×

Қостанай облысында шегіртке 16 мың гектар жайылымдық жерге тарап кеткен

АШМ басшысы жағымсыз сценарийге жол берілмейтінін айтты

 Динара Амантай 10.07.2023 | 10:05
Фото: АШМ баспасөз қызметі

Қостанай облысында шегіртке 16 мың гектар жайылымдық жерге тарап кеткен, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ведомство басшысы Ербол Қарашөкеев арнайы Қостанай облысына барған. Қостанай және Қамысты аудандарының аумағын зерттеу қорытындысы бойынша, 16 мың гектар жайылымдық жерде жәндіктердің таралуы тіркелген. Фитосанитарлық шаралар сол күні кешке басталды. Өйткені өңдеулер техникалық регламентке сәйкес кешке және таңғы уақытта жүргізілуге тиіс.

Министр химиялық өңдеу жүргізіліп жатқан егістіктерде болып, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті. Қостанай ауданындағы «Луговое» шаруа қожалығының басшысы Василий Куцтың айтуынша, қорғаныс шаралары зиянкестердің ошақтары табылғаннан кейін бірден басталған.

Біз егістіктен шегірткелерді байқадық. Дереу аумақтық инспекцияға хабар берілді. Мамандар бірден келіп, алқаптарды зерттеп, арнайы техниканы іске қосты. Шегіртке табынының шамамен 70% тоқтатылды. Аудан аумағында сақтандыру жұмыстары үшін дельтаплан орналастырылды. Қажет болған жағдайда ол қайтадан іске қосылады. Бұл ретте зиянкестер ауыл шаруашылығы дақылдарына жеткен жоқ. Егілген егін жәндіктен зардап шеккен жоқ, – деді Василий Куц.

Ербол Қарашөкеев өңірдегі табын шегірткелеріне қарсы күрестегі жедел және үйлесімді жұмыстың арқасында ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануын болдырмауға қол жеткізілгенін атап өтті. Министр Қостанай облысындағы егіс алқабы 4,6 млн гектар болатынын, оның 500 гектары ғана зардап шеккенін айтты.

Шегірткенің таралу қаупі пайда болысымен барлық арнайы техниканы бірден іске қосамыз. Негативті сценарийге жол бермей, жағдайға жедел әрекет етеміз, – деді АШМ басшысы.

Сонымен қатар, биыл Қостанай облысының аумағында табындық емес шегірткелердің таралуы болжанып отыр. 2019 жылдан бастап жергілікті бюджеттерден фитосанитариялық іс-шараларды өткізу үшін қаражат бөлінбейді, сондықтан химия өңдеу ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің күшімен жүргізіледі. Биыл өңірде өңдеу алаңы – 35 мың гектар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама