×

Алматы көшелерін жөндеуге 20 млрд теңге жұмсалмақ

Жұмыс түрлері мен құрылыс материалдарының құны 7-10%-ға өсті

 Динара Амантай 09.07.2023 | 09:09
Фото: egemen.kz

Алматы көшелерін жөндеуге бюджеттен 20 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу көзделген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, мегаполистің көше-жол желісін орташа жөндеу жоспары 2022 жылдың 4-тоқсанында аудан әкімдіктері және тұрғындардың өтініштері бойынша қалыптасқан. Қала бюджетінде биыл ұзындығы 200 шақырым болатын 230 көшені жөндеуге 20 млрд теңге қарастырылған. Былтыр ұзындығы 189 шақырым 210 көшеге 17,5 млрд теңге жұмсалған. Бұл үшін аудандарға жалпы бюджеттен 500 млн теңге бөлінді.

Бұл ретте ұқсас жұмыс түрлері мен құрылыс материалдарының сметалық құны өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 7-10%-ға өсті. Мысалы, ел аумағында қолданыстағы сметалық бағалар жинағына сәйкес былтыр 1 тонна қиыршық тас-мастикалық асфальтбетонның құны 18 мың 781 теңге, ал биыл 21 мың 2 теңге болды (+11%), 2022 жылы 1 тонна жол битумының құны 168 мың 642 теңге, 2023 жылы 175 мың 315 теңгені (+4%) құрады. Сондай-ақ ауыр бетонның құны 2022 жылы 20 мың 227 теңге, 2023 жылы 21 мың 863 теңге (+8%) болды.

Сонымен бірге жол жұмысшыларының жалақысы санатына байланысты орташа есеппен былтыр бір адамға 1 мың 648 теңге, биыл бір адамға 2 мың 63 теңге (+20%) болды. Жалпы, ағымдағы жөндеу жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 86%-дан 89%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама