×

Қазақстан Гаага келісіміне қосылу жөніндегі жұмысты бастады

Іс-шараға қазір ДЗМҰ-ға қатысушы 200-ге жуық елдің делегациясы жиналған

 Еркеғали Болатұлы 07.07.2023 | 17:50
фото: Әділет министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстан Марракеш шартына және Өнеркәсіптік үлгілерді халықаралық тіркеу туралы Гаага келісіміне қосылу жөніндегі жұмысты бастады. Бұл туралы Әділет министрі Азамат Есқараев Швейцарияның Женева қаласында ДЗМҰ-ға мүше мемлекеттер Ассамблеялары отырыстарының 64-сериясы барысында хабарлады.

Айта кетсек, бұл іс-шараға қазір ДЗМҰ-ға қатысушы 200-ге жуық елдің делегациясы жиналған.

Сондай-ақ ол зияткерлік меншік мәселелері Қазақстан Республикасының назарында екенін айтты. Бұған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның зияткерлік меншік құқығын құрметтеуге кепілдік беретіні туралы мәлімдемесі дәлел бола алады.

Азамат Есқараевтың айтуынша, Қазақстанның Марракеш шартына қосылуы зағип жандар мен көру қабілеті бұзылған адамдарға кітаптарға, журналдарға, оқу материалдарына қолжетімділікті кеңейтуді, олар үшін қоғамның мәдени және әлеуметтік өміріне тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қолжетімді форматта жасалған туындылардың даналарымен халықаралық алмасуды іске асыруға мүмкіндік береді.

Өнеркәсіптік үлгілерді халықаралық тіркеу туралы Гаага келісімі осы Келісімге қатысушы бірқатар елде өнеркәсіптік үлгіні қорғау үшін бір ғана өтінім беру арқылы өнеркәсіптік үлгілерді шетелде патенттеу рәсімін жеңілдетуге көмектеседі, - деді Әділет министрі.

Оның айтуынша, қазір Қазақстан зияткерлік меншік құқығын қорғауға зор мән беріп отыр.

«Республикада зияткерлік меншік саласын дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді. Онда заңнаманы жетілдіру, мүдделі мемлекеттік органдарды үйлестіру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, қарақшылыққа қарсы күрес және құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша нақты қадамдар көзделген.

Сонымен қатар, ДЗМҰ-мен бірлесіп, Қазақстанда технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтарын құру бойынша жоба белсенді дамып келеді. Қазірдің өзінде 21 ТИҚО ашылған. 2022 жылдың шілдесінде Қазақстан алғаш рет ДЗМҰ жазғы мектебін қабылдады. Осы жылдың қыркүйек айында Алматыда ДЗМҰ-ның екінші жазғы мектебі өтеді.

Қазақстан патенттерді, тауар таңбаларын және өнеркәсіптік үлгілерді тіркеудің ұлттық жүйесін жақсарту бойынша белсенді жұмыс істеуде», - деп толықтырды сөзін Азамат Есқараев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама