×

«Кеңестік мұрадан арыла алмай келеміз» - сәулетші қала құрылысы туралы

Сондай-ақ ол қала халқын тежеу туралы қоғамда айтылып жүрген пікірлерге қатысты өз ойын білдірді

 Айнұр Шошаева 06.07.2023 | 13:20
фото: Halyq Uni

Қазақстанның құрылыс нормалары мен ережелері кеңестік стандарттар бойынша жұмыс істеп келеді. Еліміздің миллион халқы бар қалаларын дамытуда БАӘ, Канада мен Қытайдың тәжірибесін негізге алу керек. Белгілі қазақстандық сәулетші Нұрлан Камитов Астаның бас жоспарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq uni.

Еске сала кетейік, кеше президент Қ. Тоқаев 2023 жылға қарай Астана халқы 2 млн адамға жетуі мүмкін екенін айтқан болатын. «INK Architects» компаниясының негізін қалаушы, Британдық сәулетшілер корольдік институтының құрметті мүшесі Нұрлан Камитовтің пікірінше, бұл көрсеткіш қала үшін үлкен сынақ болады.

Алматының бас жоспары бойынша 2040 жылға қарай қала халқы 4 млн болады деп белгіленді. Бұл мемлекетке өте үлкен салмақ болады. Әрине, бизнестің бұған қуанатыны белгілі. Бірақ мемлекет үшін энергетика, көлік және әлеуметтік нысандар тұрғысынан үлкен салмақ болады. Себебі бизнес пен мемлекеттің көзқарасы әртүрлі. Мемлекеттің конкурс, тендер өткізуі көп уақыт алады. ал бизнес «неғұрлым тез, соғұрлым жақсы» қағидатымен жұмыс істейді. Сондықтан қазір ең алдымен сәулет, қала құрылысы саласын жетілдіру бағытында жұмыс істеу керек. Әр жылдың есебі мен жоспарын жасап, нақты белгілеу керек. Мәселен, 5 жылдың ішінде осынша әлеуметтік нысан болады демей, нақты қай жылы нешеуі салынатынын белгілеп, соны қадағалау қажет, - деді ол.

Сондай-ақ сәулетші қала халқын тежеу туралы қоғамда айтылып жүрген пікірлерге қатысты өз ойын білдірді.

«Демография мен ішкі миграция мәселесін қадағалап, бақылау қиын. Халыққа «бұл қалаға көшпе» деп айта алмаймыз. Адамдар көшіп келеміз деп жатса, ірі қалалар миграция мәселесіне қарсы тұра алмайды. Қала халқына жағдай жасап, біртіндеп көбеюіне дайын болуы қажет.

Біз қазір 2 млн тұрғынға мүлде дайын емеспіз. Бірақ 10 жыл барлық міндеттерді орындауға болатын мерзім деп ойлаймын. Астананың бас жоспарын жасаған Кисе Куракава – сәулетші, мемлекеттің ұсынған сандарын негізге алды. Меніңше, ол – мемлекеттің сол кезде қол жеткізгісі келген көрсеткішті. Сондықтан ол Астананы шағын әкімшілік орталығы бар, біртіндеп өсетін қала етіп жоспарлады. Бірақ қала ол жоспарлағаннан да тез өсті.

Халықтың көбі елордада тұрғысы келеді, баласының осында оқып, білім алғанын қалайды. Бұл процесті тоқтата алмаймыз», - деп толықтырды сөзін.

Сондай-ақ ол бірнеше жылдан бері тұралап тұрған ЛРТ мәселесіне қатысты өз ойын білдірді.

ЛРТ – философиялық мәселе. 2 млн тұрғыны болатын қала тұрғысынан пікір білдірсем, көлік жүйесінің мәселесін шешу қажет. 10 жыл тез өте шығады, ол кезде көлік жүйесі қандай жағдайда болады? 2 млн тұрғыны бар қала – мегаполис, мұндай қалада қоғамдық көліктің баламасы болады. Қазір ЛРТ бағандарын не істейміз дегенді ойлап қана қоймай, көлік жүйесін не істейміз деген сұраққа жауап іздеу керек. 2 млн халық болғанда оған қажеттілік туындайды. Елестетіп көріңіз, 2 мдн адам көлікпен жүрсе, қалада не болады? - деді Нұрлан Камитов.

«Дубай мен Канаданың тәжірибесі керек»

Сондай-ақ сәулетші Қазақстанның сәулет-қала құрылысы саласы заманауи үрдістерге ілесе алмай отыр деген пікірде.

«Біз қазір ескі норма, ережелермен өмір сүріп жатырмыз. Жолдар ескі ережелер бойынша жоспарланып жатыр. Мәселен, құрылыс нормалары мен ережелерінде жолдың бойында қоршаулар болуы керек деген талап бар. Жолдың бойында қаншама темір қоршаулар тұрады. Оның не қажеті барын түсінбеймін. Сондықтан ережелерді өзгертіп, заманға қарай икемдеу қажет. Сонда біз болашақта бірдеңені өзгерте аламыз. Сондай-ақ мемлекет тарапынан құрылыс саласын реттеу керек. Егер мемлекет қалада 2 немесе 4 млн тұрғын болғанын қаласа, сол қарқынға дайын болуға тиіс. Уақыт өзгерді, сәйкесінше сұраныс пен үрдіс те өзгергенін түсінуіміз керек. Сондықтан ең алдымен норманы өзгерту қажет. Менің ұсынысым – халықаралық тәжіриені негізге алу. Мәселен, Дубай немесе климаты бізге ұқсас Канаданы алайық. Немесе Қытайдың солтүстік қалаларын қараңыз, олар да халықтың көбеюіне тап болды. Шағын қаладан ірі, тіпті супер мегаполиске айналды. Олар бар болғаны Америка мен Еуропаның озық тәжірибесін алып, өз ерекшеліктерін қосып, іске асырды», - деп жалғыстырды сөзін Нұрлан Камитов.

Сонымен қатар сәулетші кеңестік стандарттармен қатар, социализм идеологиясын бейнелейтін маңызды қала құрылысы тораптары ретіндегі үлкен және кіші қалалардың басты алаңдары қолданыста екенін атап өтті.  Оның пікірінше, КСРО-дағы қоғамдық кеңістіктер әдетте социализм идеологиясын тарату үшін жобаланған.

Кеңес үкіметінің тарағанына 30 жылдан астам уақыт өтті, бірақ қазір ТМД-ның көптеген қалаларындағы басты алаңдар әлі де көп мөлшерде бетон мен асфальттан ғана тұрады. Олар жерді тиімсіз пайдаланумен, қызметтік толтыруы болмауымен, қалалық орта мен ландшафт дизайнына ескірген көзқараспен, тұрғындардың ойын-сауық орны ретінде тартымдылығы жоқтығымен, әртүрлі сценарийлер мен пайдаланушылар үшін инклюзивтіліктің жеткіліксіздігімен ерекшеленеді. Олар сондай-ақ қатардағы тұрғындар үшін жылына бірнеше рет мерекелер, демалыс күндері жәрмеңкелер өткізуден басқа, сондай-ақ жол жиегіндегі автотұрақ орны болудан басқа ешқандай әлеуметтік ауыртпалықты көтермейді. Бұл ретте, алаңдар көбінесе бос, ыңғайсыз кеңістік болып табылады. Қаладағы кез келген ашық кеңістік ең алдымен әлеуметтік-экономикалық міндеттерді орындауға тиіс, яғни қалалық ортаның сапасын жақсартуға ұмтылуы керек, - деді ол.

Сондықтан сәулетші еліміздің қалаларының басты алаңдарының мақсатын архитектуралық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қайта қарайтын уақыт келді деп есептейді. Айтуынша, қазір Қазақстандағы қалаларға тез, арзан және стандартты емес түрлендіру нұсқалары қажет. Ал жылдам жолдардың бірі – бар аумақтарды түрлендіру. Өйткені бұл мәселені шешу қала үшін күрделі жоба емес. Мысалы, жерді сатып алу және т.б. мәселе жоқ. Қазақстандағы басты алаңдардың әлеуеті өте жоғары, бірақ әзірге ол өте аз пайдаланылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама