×

Астанада 2 мыңнан аса шетелдік компания бизнесін жүргізеді

Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты

 Динара Амантай 05.07.2023 | 11:12
Фото: t.me/aqorda_resmi

Астанада 2 мыңнан аса шетелдік компания бизнесін жүргізеді. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған бауырлас қалалар форумында айтты, деп хабарлады Halyq uni тілшісі.

Астана – болашағы зор қала. Осы орайда, біз «жасыл қала» идеясын іске асыруға айрықша мән береміз. Елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек. Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы. Әлемнің 75 елінің 2 мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдады. Бүгінде Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Әлемдік саясатшылар Астананы бейбітшілік алаңы дейді. Ұстанымы бөлек, мүдделері кереғар елдер осында бітімге келді. Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек. Мен бұған кәміл сенемін, – деді президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бәсеке деңгейі жоғары және құбылмалы әлемде қалалардың қарқынды әрі орнықты дамуы маңызды екендігіне назар аударды.

Астаналар мен ірі мегополистер – мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени өмірінің өзегі. Олар мемлекеттердің өркендеуінде жетекші рөл атқарады. Инвестицияларды, инновациялық технологияларды, ең бастысы, адами капиталды тарта отырып, қалалар орасан зор күш шоғырланатын ортаға айналады. Адамдар және олардың шығармашылық қуаты, бірегей білімі, креативті идеясы мен отаншылдық рухы – ұлт жетістігінің негізгі факторы. Сондықтан қалаларды тиімді басқару және урбанистикадағы жаңа үрдістерді жүйелі зерделеу қажет, – деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бұл мәселе болашаққа ұмтылған әр мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие бола бастады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама