×

Тоқаев Жапония Парламентінің өкілдерімен кездесті

Мемлекет басшысына Күншығыс елінің премьер-министрі Фумио Кисиданың хаты табыс етілді

 Дастан Жұмабекұлы 04.07.2023 | 17:34
фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасының төрағасы Тошиаки Эндомен кездесті.

Кездесуде Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің және парламентаралық ықпалдастықты нығайтудың өзекті мәселелері қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тошиаки Эндоға ілтипат білдіре отырып, азаматтарымыздың жапон халқына құрметі ерекше екенін айтты.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы сенімді қарым-қатынастың айрықша деңгейде екенін атап өтті. Сондай-ақ Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасының өзара байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Қазақ-жапон қатынастары саласында экономикалық бағыт маңызды рөл атқарады. Президент сауда және инвестициялық іс-әрекеттердің мол мүмкіндігіне назар аударып, еліміздің экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге 8 млрд доллар инвестиция құйған Жапония Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторларының ондығына кіретініне назар аударды. Сондай-ақ мемлекеттеріміз арасындағы тауар айналымы 2 млрд долларға жеткенін атап өтіп, бұл көрсеткішті одан әрі арттыру үшін мол әлеует бар екенін жеткізді.

Тошиаки Эндо кездесуге мүмкіндік бергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Жапония премьер-министрі Фумио Кисиданың жолдаған хатын табыс етті.

Парламенттік достық лигасының төрағасы Жапония Парламентінің барлық сала бойынша Қазақстанмен өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге дайын екенін растады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама