×

Арқалықта 1 500 домбырашы 7 күйді орындап шықты

Мерекелік іс-шарада көрермендер ерекше әсерге бөленді

 Дастан Жұмабекұлы 03.07.2023 | 14:45
Фото: Арқалық қаласының әкімдігі

Арқалықта Ұлттық домбыра күні мен қала күніне орай «Домбыраның күмбірі – бар қазақтың бірлігі» деп аталған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды.

Салтанатты іс-шарада Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев, Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов, іс-шара қонағы, Қостанай облысының құрметті азаматы Амангелді Садырбековтер мерекелік құттықтауларын арнады. Ұлттық аспапты дәріптеу жолында ерен еңбегімен танылған Арқалық халқына ризашылығын білдіріп, қала әкіміне облыс басшысы Құмар Ақсақаловтың алғыс хатын табыс етті.

Бірнеше ай дайындықтың нәтижесінде қала мен ауылдардан түрлі сала өкілдері, студенттер, мектеп оқушыларынан құралған 1500 домбырашы 7 күйді орындап, көрерменді ерекше әсерге бөледі. Іс-шара қорытындысында мерекелік бағдарламаның өтуіне демеушілік жасаған меценат азаматтар, «Ең жас домбырашы», «Ең қарт домбырашы», «Домбырашылар әулеті» номинацияларының иегерлері мен «1 500 домбыра» іс-шарасының бас дирижеры Бораш Әбенов салтанатты түрде марапатталып, қаржылай сыйлықтар алды. Ұлттық домбыра күні мен Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына арналып өткізілген «Домбыра – думан» атты аймақтық домбырашылар байқауының гала концерті көрермен назарына ұсынылды, – делінген Арқалық қаласы әкімдігінің материалында.

Демеушілердің көмегімен Қуандық Рахым, Шаһаризат Сейдахмет, Аргоня, Бақытжан Желдербаев, Динара Жаңабергенова сынды эстрада әншілері концерт беріп, көрерменнің мерекелік көңіл-күйін еселеді.

Іс-шара соңы отшашуға ұласты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама