Астаналық базардың маңындағы үйлер сүріледі – Жеңіс Қасымбек

Дастан Жұмабекұлы

«Кирпичный» және «Өндіріс» елді мекендеріндегі тозығы жеткен үйлер де бұзылады

фото: ашық дереккөз

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қаланың құрамына кіретін «Кирпичный» және «Өндіріс» елді мекендерінің тұрғындармен кездесіп, осыған дейін жоспарланған істердің қалай іске асып жатқанын айтты.

Осы кездесуде ол келесі жылға жоспарланған жұмыстар туралы айтып, тұрғындармен бірқатар проблеманы талқылады.

Басқосуда қала әкімі «Кирпичный» және «Өндіріс» елді мекендерінде әбден тозығы жеткен, апатты тұрғын үйлерді бұзу туралы әңгіме қозғады.

Кездесуде ел ішінде «Артем» базары аталып кеткен базардың маңындағы Чехов көшесі, Биші Қайың (Күлтегін), Асан Қайғы, Сырдария, Лермонтов және басқа да көшелерде орналасқан үйлерге қатысты мәселе де көтерілді.

Бұған дейін хабарланғандай, Астанадағы Сырдария көшесінің тұрғындары Halyq Uni тілшісіне жанайқайын жеткізіп, мегаполис басшысы Жеңіс Қасымбекті халықпен бірге болуға, кабинетінде отыра бермей, тұрғындармен жиі кездесіп тұруға шақырған болатын. Көшейін десе үйі өтпейтін, көшпейін десе денсаулығы сыр беріп жатқан көше тұрғындары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, бар үміті мемлекет басшысында екенін жеткізген еді.

Бұл үйлер бұзылатын үйлердің тізімінде бар.

Мәселен, алдағы үш жылда апатты үйлердің тұрғындары үшін 2,5 мыңнан 3 мыңға дейін пәтер салуды жоспарлап отырмыз.

Сол сияқты «Кирпичный» елді мекенінде №12 мектеп апатты деп танылған.  Қазір оның орнына жаңасы салынып жатыр, – деді ол.

Сонымен бірге кездесуде аталған елді мекендердің тұрғындары инженерлік желілер, жолдар, аулалар мен қоғамдық орындарды абаттандыру, автобус тапшылығы секілді басқа да мәселелерді көтерді.

Қала әкімінің айтуынша, биыл қала бойынша 70-тен астам көшені (ағымдағы жөндеу – 300 көше, –  Ж.Қ.) жөнделіп, 165-тен астам аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр.

Бұл жұмыстың бір бөлігі орындалды. Автобустар бойынша  биыл 400 автобус ікелеміз. Оның 70-і жеткізілді. Тағы 70-і шілде айында келеді. Проблемалардың шешілуін бақылауда ұстаймыз. Олар бойынша кесте әзірлейміз, –  деді әкім.

Бұған дейін қала халқымен кездесуде әкім алдағы жылдары қалада 40 мектеп салу жоспарланып отырғанын, қазір 14 мектептің құрылысы жүріп жатса, 11 мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға берілетінін де айтқан еді. Сондай-ақ, ол бүгінде Астана күні мерекесіне байланысты қаланы көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары қызу жүргізіліп жатқанын, тұрғын үйлердің орнына әлеуметтік нысандар салына бастағанын айтқан болатын.

Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қазір 20-ға жуық учаскеде көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің орнына әлеуметтік нысандар пайда болады. Бұл жерлерге мектептер, емханалар мен гүлзарлар, желекжолдар, аулалар мен балабақшалар салынады.

Биыл Астанада «сақалды құрылысқа» айналған 30-дан аса тұрғын үй пайдалануға беріледі. Осылайша, 4 мыңға жуық үлескер отбасына пәтердің кілті тапсырылады.