×

Астанада тұрғын үйлердің орнына әлеуметтік нысандар салына бастады

Енді құрылыс бас жоспарсыз салынса, рұқсат берілмейді, - деді қала әкімі

 Дастан Жұмабекұлы 30.06.2023 | 15:18
фото: ашық дереккөз

Бүгінде Астана күні мерекесіне байланысты қаланы көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Көшелерді де жөндеу жұмыстары қолға алынды. Сонымен бірге тұрғын үйлердің орнына әлеуметтік нысандар салына бастады.

Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қазір 20-ға жуық учаскеде көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің орнына әлеуметтік нысандар пайда болады. Бұл жерлерге мектептер, емханалар мен гүлзарлар, желекжолдар, аулалар мен балабақшалар салынады.

Қазір қалада тұрғын үй кешендерінің орнына салынатын 22 нысан бар. Барлық нысаннан хабардармыз. Олар бойынша көрші үйлердің тұрғындарының бастамашыл топтарымен және құрылыс компанияларының өкілдерімен бірігіп жұмыс істейміз. Қазір екі нысанның ісі сотта, қалғандары бойынша шешім бар. Учаскелер тұрғындардың пікірін ескере отырып, әлеуметтік нысандарды салу үшін пайдаланылатын болады, – деді ол.

Оның айтуынша, мысалы, Есіл өзенінің жағасында, Косыгин көшесінің ауданында жоспарлау жобасына өзгерістер енгізілген. Бұл жердегі көппәтерлі тұрғын үй кешендері гүлзарға ауыстырылды. Copenhagen тұрғын үй кешенінің жанындағы көппәтерлі үйдің орнына алаң салынды. Nova city ТК қасындағы көппәтерлі тұрғын үй кешені білім беру орталығына, «Қалалық романс» ТК ауданында салынатын үйдің орнына мектеп, балабақша мен сквер, басқа да демалыс орындары салынатын болады.

Сондай-ақ Астана қаласының әкімі биыл қаңтар айынан бастап инженерлік желілерсіз және бас жоспарсыз құрылысқа рұқсат берілмейтінін атап өтті. Айтуынша, егер қандай да бір құрылыс компаниясы құрылысты техникалық шарттардың толық пакетінсіз жалғастырса, құрылыс учаскелеріндегі жұмыс толығымен тоқтатылып, компания жосықсыз компаниялардың «қара» тізіміне енгізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама