×

QazSport телеарнасына 10 жыл толды

Осы уақытта телеарна спорт журналистерінің, спорт комментаторларының ұстаханасына айналды

 Дастан Жұмабекұлы 30.06.2023 | 10:17
фото: Qazaqstan РТРК баспасөз қызметі

Астанада Qazaqstan телерадиокорпорациясы QazSport телеарнасының 10 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өткізді.

Open Air пішінінде ұйымдастырылған мерекелік кешке Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Парламент депутаттары, федерация өкілдері мен спортшылар қатысты.

Qazsport телеарнасы Qazaqstan республикалық телерадиокорпорациясының құрамынан 2013 жылдың 1 шілдесінен бастап ашылды. Осы аралықта арнаның хабар тарату көлемі 66 723 сағат болды. Көрермен назарына 15 мың трансляция ұсынылды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі еліміздегі тұңғыш спорт телеарнасын алғашқы белесімен құттықтай келе, биыл спорт журналистикасына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. 

QazSport 10 жылда үлкен белестен өтті. Спорттық жарыстарды таратып қана қоймай, спорттық рухтың байрағына айналды.  Біз спорт журналистикасына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Биылғы «Тұмар» бәйгесіне тұңғыш рет спорт журналистикасы бойынша аталым қосылды. Арамыздан ерте кеткен Амангелді Сейітхан атындағы номинацияға лайық мамандар осы телеарнадан да шығады деген ойдамын, - деді министр.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов патриотизмді дамытуда отандық спорттың рөлі ерекше екенін айтты.

Патриотизмді дамытуда спорттың орны ерекше. Көк туымызды жеңіс тұғырынан желбірететін де, Әнұранымызды шырқататын да біздің спортшылар. Ал олардың жеңісін Qazsport телеарнасы арқылы насихаттап, жас буынның бойына отансүйгіштік қасиетті дарытамыз. Он жылдықтарыңыз құтты болсын!, – деді ол.

Мерекелік кешке Олимпиялық ойындардың жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, бокстан әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай, ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, шорт-тректен Әлем кубогының жүлдегері Абзал Әжіғалиев, көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Анна Алябьева қатысып, QazSport арнасын мерейтойымен құттықтады.

Жиында Qazaqstan телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы Ләззат Танысбай арнаның бүгінгі бағыт-бағдары мен алдағы жоспарлары туралы атап өтті.

10 жылда арна спорт журналистерінің, спорт комментаторларының ұстаханасына айналды. Олардың кәсіби шыңдалуына зор үлес қосты. Qazsport арнасының негізгі мақсаты – отандық көрермендерді республикалық, халықаралық, әлемдік жарыстардың трансляциясымен қамту, сонымен қоса қазақстандықтарды салауатты өмір салтына баули отырып, кішкентай көрермендеріміздің арасынан спорт жұлдыздарының, болашақ чемпиондардың шығуына ықпал ету.

Алда  спорт жанкүйерлеріне биылғы XIX Жазғы Азия ойындарын, XXXIII Жазғы Олимпиялық ойындарды, футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатын көрсету бойынша келіссөздер жүргізілуде, –  деді басқарма төрайымы.

Сондай-ақ, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов спорт арнасын айтулы мерейтойымен құттықтап, арнайы хат жолдады. Құттықтау хатты ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев табыстады.

Қысқа уақытта өзінің тұрақты көрерменін тапқан QazSport арнасы 10 жылдың ішінде мыңдаған спорттық шарадан тікелей көрсетілімдер, Олимпиада ойындары мен Әлем және Азия чемпионаттарынан репортаждар жасап келеді. Қазақ елі QazSport арнасы арқылы ұлтымыздың спорттағы тарихи жеңістеріне куә болуда.

Сонымен қатар, QazSport арнасы қалың бұқараға қазақтың ұлттық спорт түрлерін де дәріптеп, елімізде өтіп жүрген айтулы додалардан жаңалықтар таратып келеді.

Бүгінде арна ҚР Ұлттық спорт қауымдастығымен тығыз шығармашылық байланыс орнатып, ақпараттық серіктестікте нәтижелі жұмыс істеуде, - деп жазылған Исламбек Төлеубайұлының құттықтауында.

Айта кетейік, таяуда ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы бірлесіп «Мергендер мекені» телевизиялық жобасын бастаған болатын.

«Мергендер мекені» телевизиялық жобасы еліміздің әр өңіріне табан тіреп, кең байтақ даламыздың көрікті жерлерінде сұр мергендердің өнерін паш ететін жоба болып табылады. Жоба барысынада еліміздің мерген деген жаңа есімдер анықталып, финалда озық шыққан жеңімпазға Астана қаласынан пәтер сыйға берілетін болады.

QazSport телеарнасы тәулігіне 18 сағат хабар таратады. Телеарна спорттық трансляциялардан бөлек, Sport Review ақпараттық-сараптамалық бағдарламасын, Qazsport алаңы ток-шоуын, ел футболына арналған «Доп дода», «Тур по туру», Pro Football жобаларын, хоккейге арналған Pro Hockey, волейбол спортына бағытталған «С volley к победе», кәсіпқой бокс бағытындағы The  Ring, спорттың әр түрін қамтитын «Жүйріктер жолы» жобаларын тұрақты түрде көрсетіп келеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама