×

Қазақстан мен Люксембург тұрақты әуе тасымалы жөніндегі меморандумға қол қойды

Екіжақты тұрақты жүк рейстерін аптасына 42-ге дейін ұлғайту көзделген

 Динара Амантай 29.06.2023 | 12:03
Фото: Азаматтық авиация комитеті

Қазақстан мен Люксембург тұрақты әуе тасымалы жөніндегі меморандумға қол қойды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, бұл келісімге сәйкес елорда арқылы апта сайын транзиттік әуе рейстерінің санын 3 есе арттыру жоспарланған. Астана халықаралық әуежайына жүк тасымалдайтын Cargolux компаниясының 77-рейсін орындаған ұшақ сәтті қонып, дәстүр бойынша әуе көлігі арка тәріздес бұрқақтан өткен. Осыған байланысты ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев және «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Ерғазы Жолдасов пен Қазақстанға алғаш рет ресми іссапармен келген Cargolux компаниясының басшылары қатысты.

Аталған іс-шараның аясында ИИДМ және Люксембургтің билік өкілдері екі ел арасындағы әуе қатынасы туралы меморандумға қол қойды.

Бұған дейін тек чартерлік рейстер ғана болған. Енді тұрақты әуе тасымалдары жолға қойылады. Сонымен қатар бұрын Люксембургтен орындалатын рейстер аптасына 7 рет болса, енді осы меморандум арқылы олардың көлемі 21-ге дейін ұлғаяды. Бұл – негізгі келісім. Франция мен Финляндиядан кейін Люксембургпен «ашық аспан» ережелері аясында ашықтықтың 5-деңгейіне қол жеткізіп отырған үшінші ел саналады, – деді Марат Қарабаев.

Министрдің айтуынша, осы келісім Қазақстанның авиация саласы үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, еліміздің Еуропа мен Оңтүстік-шығыс Азия арасындағы кеңістіктегі негізгі транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтады.

Жаңа транзиттік рейстерді тарту қазақстандық авиаторлардың кәсіби құзыреттерін арттыруға септігін тигізеді. Бұдан басқа, бұл кәсіпкерлер үшін де жаңа мүмкіндіктер береді. Айталық, Қазақстанның нарығы сұранысқа ие тауарлармен қамтылады. Сондай-ақ Астана арқылы Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қажетті өнімдер жеткізіледі, – деді министр.

Қазір Cargolux елордалық әуежай арқылы Люксембургті Қытай және Жапониямен байланыстырып, аптасына 7 рейсті орындап келеді. Үкіметаралық келісім шеңберінде алдағы уақытта екіжақты тұрақты жүк рейстерін аптасына 42-ге дейін ұлғайту көзделген.

Біз осы меморандумды жасасуды құп көрдік. Өйткені Қазақстанның астанасындағы әуежай арқылы өтетін жүк рейстерінің жиілігін арттырамыз. Болашақта бұл Еуропа мен Азияны байланыстырып, Астана әуежайы арқылы жеткізілетін жүк тасымалы көлемінің артуына әсер етеді деп үміттенеміз, – деді Cargolux әуе компаниясының президенті Ричард Форсон.

Айта кетсек, Cargolux Airlines International S. A. 1970 жылы Люксембургте құрылған. Ол Еуропадағы ең ірі жүк тасымалдаушы операторлардың бірі саналады. Компанияның иелегінде Boeing 747 ұшағының 30 данасы бар және әлем бойынша 50-ден аса бағытқа рейс орындап келеді. Ұйымның 75 кеңсесінде 2,5 мыңнан аса қызметкер жұмыс істейді. Сондай-ақ Cargolux Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) мүшесі. Осы ретте Астананың әуежайы стратегиялық даму жоспарына сәйкес, сауда-логистикалық хабты құру бағдарламасын іске асыруды қолға алған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама