×

«Елорда кубогы»: Астанада бокстан халықаралық турнир өтеді

Жарысқа кіру тегін

 Дастан Жұмабекұлы 26.06.2023 | 17:00
фото: Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

27 маусым мен 2 шілде аралығында Астанадағы «Beeline Arena»спорт кешенінде ерлер мен әйелдер арасында бокстан ІІ халықаралық «Елорда кубогы» турнирі өтеді.

Оған 12 елден 200-ден аса спортшы қатысады. Олардың ішінде Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Моңғолия мен басқа да елдердің өкілдері бар.

Ерлер 13 салмақ дәрежесінде (46-48, 51, 54, 57, 60, 63,5, 67, 71, 75, 80, 86, 92, +92 келі), ал әйелдер 12 салмақ дәрежесінде (45-48, 50, 52, 54, 57, 60, 63, 66, 70, 75, 81, +81 келі) өз бақтарын сынайтын болады.

Турнирдің жеңімпазына 700 АҚШ доллары беріледі. Екінші орынға 400 доллар, қола жүлде алған боксшыға 200 доллар тапсырылады.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері тиісті дәрежедегі медальдармен және дипломдармен марапатталады.

Халықаралық турнир IBA жарыстарының техникалық ережелеріне сәйкес өтеді.

Жекпе-жек 3 минутқа созылатын үш раундтан тұрады. Раундтар арасында бір минуттық үзіліс болады. 10 ұпайлық IBA ұпай жүйесі қолданылады.

Қазақстан құрамасы сапында Олимпиялық ойындардың чемпиондары, әлем, Азия және басқа да халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысады.

Турнир 6 күнге созылады. Жекпе-жекті Qazsport телеарнасы мен «QAZAQ RING» YouTube платформасы тікелей эфирде көрсетеді.

Жарыс күн сайын сағат 14:00-де басталады. Кіру тегін.

Жарыстың ашылу салтанаты 27 маусымда сағат 16:00-ге жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама