×

Бублик алғаш рет АТР 500 турнирінің жеңімпазы атанды

Ол финалда әлемнің 7-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублевті ұтты

 Дастан Жұмабекұлы 26.06.2023 | 11:52
фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстанның бірінші, әлемнің 27-ракеткасы Александр Бублик Германияның Галле қаласында өтіп жатқан ATP 500 турнирінің жеңімпазы атанды.

Ол финалда әлемнің 7-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублевпен бас жүлдені сарапқа салды.

Осыған дейін Бублик жеті рет ATP жарыстарының финалына шығып, соның біреуінде ғана, былтыр Монпельеде жеңімпаз атанған еді. Ал биыл ол алғаш рет  ATP 500 деңгейінде финалға шығып, жеңімпаз атанды.

Финалда Бублик матчты брейкпен сәтті бастап, қарсыласын 6:3 есебімен ұтты.

Екінші партияда есеп 3:2 болған кезде ресейлік спортшы брейк жасап, есепті 6:3-ке жеткізді.

Үшінші, шешуші сетті Бублик тағы да брейкпен бастады. Есеп 2:0 болғанда ол қарсыласына есепті теңестіруге мүмкіндік бермеді.

Үшінші сет 6:3 есебімен аяқталды. Бұл матч бір жарым сағатқа соқылды. Осы уақытта теннисші 21 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.

Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов Александр Бубликті жеңісімен құттықтады.

Александр Бубликті теннис мансабындағы кезекті жеңісімен құттықтаймын! Ол АТР 500-дегі бірінші титулын жеңіп алды. Александр елімізде теннистің дамуы үшін үлкен жеңіске жетіп, жас ұрпаққа үлгі көрсетті.

Финалға барар жолда мықты қарсыластарын ұтты. Ал финалда бар күшін салып, әлемнің 7-ракеткасы Андрей Рублевті жеңді. Біздің ерлер құрамасының көшбасшысына жаңа табыстар тілеймін!» – деді Өтемұратов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама