×

Биыл қылмыс деңгейі 17% азайған – Бас прокуратура

Прокурорлар 500-ден аса адамның құқығын қорғаған

 Дәурен Ерболат 23.06.2023 | 15:30
Фото: Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Бүгін Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен Бас прокуратура алқасының кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыста биыл бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысы шығарылды.

Биыл Қазақстан бойынша қылмыс деңгейі 17%-ға (74650-ден 61442-ге дейін) төмендегені айтылды. Прокуратураның үйлестіруімен аймақтардағы қылмыстық жағдайға нақты әсер еткен 10 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Сондай-ақ бірлескен шаралар нәтижесінде синтетикалық есірткі өндіретін 30 зертхана жойылды, - деп жазылған Бас прокуратура таратқан хабарламада.

Қылмыстық процестің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру барысында прокурорлар 512 адамды негізсіз күдіктен қорғаған.

Үш буынды модель шеңберінде прокурорлар тергеу органдарының 150 мыңнан аса процестік шешімдерін зерделеп, оның ішінде 4,5 мың қаулыны келісуден бас тартқан.

Соттарда 11 мың қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптау қамтамасыз етілді.

Прокурорлардың бастамасы бойынша 197 адамға қатысты үкім заңға сәйкес тексерілді. Бұл ретте 156 сотталушының жағдайы түзетілді, оның ішінде 8 адам ақталды.

Сонымен қатар прокурорлар 20 адамды қылмыстық жауаптан босатуға жол бермеді және заңсыз ақтау үкімдерінің күшін жоюға қол жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама