×

Халықаралық олимпиялық комитет IBA-ны мойындаудан бас тартты

Қаулыны ХОК Атқару комитетінің 69 мүшесі қаулы қабылдады

 Дастан Жұмабекұлы 23.06.2023 | 09:10
фото: ашық дереккөз

Халықаралық олимпиялық комитет (ХОК) Халықаралық бокс қауымдастығын (IBA) мойындаудан бас тартты.

Қаулыны ХОК Атқару комитетінің 69 мүшесі қабылдады. Дауыс беруде ХОК-тың шешіміне бір адам қарсы шықса, 10 адам қалыс қалды.

Осылайша, Халықаралық бокс қауымдастығы Олимпиадаға лицензия беретін құрлықтық чемпионаттар, турнирлер мен жарыстарды ұйымдастырудан шеттетілді. Енді Олимпиадаға жолдаманы сарапқа салатын бокс бәсекелерін тікелей ХОК-тың өзі ұйымдастырып отырады.

Бұған дейін бокстың 2024 жылғы Олимпиялық ойындардың бағдарламасынан алынып қалуы мүмкін екені айтылған еді.

Осыған байланысты IBA президенті ресейлік Умар Кремлев ұйымның проблемалары олимпиялық қозғалысқа қатысты емес, ХОК басшылығындағы бірнеше адамның кесірінен болып отырғанын айтқан болатын. Сонымен бірге ол Халықаралық олимпиялық комитеттің жұмысын сынға алып, оның боксты дамытудағы қызметі түкке тұрғысыз екенін мәлімдеді. Ал ХОК басшылығы Кремлевтің сөздерін жала ретінде қабылдап, ресейлікті айыптады.

Содан кейін Халықаралық бокс қауымдастығы ХОК-пен арадағы қарым-қатынасты реттегісі келіп, спорт арбитражына ұйымның шешіміне аппеляция берді. Алайда Спорт арбитражы оның аппеляциясын қабылмай тастады.

ХОК-тың хабарлауынша, ресейлік азамат басқаратын IBA Спорт арбитражының шешімі өз пайдасына шешілмегеннен кейін Халықаралық олимпиялық комитеттің мүшелеріне қоқан-лоққы көрсетіп, тіпті олардың көзін жойып жіберетіндерін мәлімдеген.  Содан кейін Кремлевті жаңа мерзімге қайта сайлаған. Ол сосын ресейлік боксшылардың бәрінен санкцияларын алып тастап, украин спортшыларына санкция салған. Оның үстіне IBA басшысы украин боксшыларына өз елдерінің туы астында жарысқа қатысуға тыйым салып, Украина елін барлық жарыстан шеттетіп тастаған.

Енді IBA халықаралық деңгейдегі мәртебесінен айырылғаннан кейін 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиялық ойындардағы бокс турнирін ұйымдастыру міндетін ХОК өзінің мойнына алады. Сонымен бірге 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Олимпиялық ойындар бағдарламасына әзірше боксты енгізбеу туралы шешім қабылданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама