×

Ақсу ферроқорытпа зауытында трансформатор өртенді

Өрт сөндіруші қолынан жарақат алып, ауруханаға жатқызылды

 Динара Амантай 22.06.2023 | 09:33
Фото: Павлодар обл. ТЖД баспасөз қызметі

Павлодар облысы ТЖД өрт сөндірушілері зауыттағы ірі өртті жойды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 21 маусымда сағат 15.54-те 112 пультіне Ақсу ферроқорытпа зауытындағы № 4 балқыту цехында трансформатордың жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгеннен соң зауыт аумағындағы №4 балқыту цехында №41 пештің жанындағы трансформатор ашық жалынмен жанып жатқанын анықтады.

Зауыт қызметкерлері өрт сөндірушілер келгенге дейін өз бетінше эвакуацияланды. Өрт кезінде зауыт аумағында көбікті өрт сөндірудің автоматты қондырғысы іске қосылды.

Өрт сөндірушілер 2 трансформатордың, жабдықтар мен сорғы майының шамамен 50 шаршы метр алаңдағы жануын сөндірді. Сонымен қатар, № 15 белгідегі трансформатор шахталарындағы электр сымдарының жануын сөндірді. Өрттің жалпы ауданы 200 шаршы метр болды.

Қызу температураның кесірінен төбенің жабыны құлады.

Күшті жалын, сорғы майының жануы және температураның жоғары болуы өртті сөндіруді және өрт сөндірушілердің жұмысын қиындатып, олардың өміріне қауіп төндірді. Сол кезде бір өрт сөндіруші қолынан жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.

Оқиға орнында ТЖД 53 қызметкері мен 13 техникасы, сондай-ақ 102 және 103 қызметкерлері жұмыс істеді, штаб құрылды. Өрт сөндірушілердің батылдығы мен күш-жігерінің арқасында өрт сағат 20.52-де оқшауланып, сағат 22.40-та толығымен сөндірілді.

Павлодар облысының ТЖ департаменті өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылығына, сондай-ақ облыс қонақтары мен тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға кеңес береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама