×

Еліміздің 6 өңірінде жезөкше, притон ұстағандар балаларға сабақ берген - депутат

Artsport жобасының кемшіліктері айтылды

 Халық үні 22.06.2023 | 01:28
Фото: Бауыржан Жуасбаев

Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Artsport» бағдарламасын талқылау кезінде депутат Нартай Аралбайұлы үйірмелерде жезөкшелердің сабақ бергенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Artsport жобасының кемшіліктері айтылды. Қазақта «Елдің Ыбырайы Ыбырай, біздің Ыбырай сұмырай» деген сөз бар. «Біздің мемлекеттік органдар бір нәрсе жасаса, неге соның кемшілігін, салдарын көріп қана күресуге тура келеді?! Неге әу бастан дұрыстап жұмыс істемейді?» деген өзекті сауал туындайды. Өйткені, деректер келтіріліп жатыр. Қасқырға қой бақтырғанмен бірдей ғой»,- деді Нартай Аралбайұлы.

Ол Artsport балаларға, жасөспірімдерге жәрдемдесуге, оларды үйірмемен қамтуға жұмыс істеуі керек деген принципке сай емес деп айтты. 

«Өйткені еліміздің 6 өңірінде бұрын жыныстық, жезөкшелік және притондарды ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапқа тартылғандар балаларды оқытқан. Мұндай 20 дерек тіркелді. Бұрынғы жезөкшеге, бұрынғы притон ұйымдастырған адамға қалай балаларымызды сеніп тапсырып отырмыз? Құзырлы органдар қайда қараған? Қазір сол балалармен психологтар жұмыс істеді ме? Баламызға үйірмеде сабақ берген адам бұрын жезөкше, қылмыскер болған екенін қалай түсіндіреміз?»,- деді депутат.

Бас прокуратураның өкілі Дулат Әшірбеков депутат келтірген деректерге қатысты тексеріс жүргізілгенін атап өтті. Оның нәтижесі бойынша Қазақстанда 38 қадағалау актісі енгізіліп, 43 лауазымды тұлға жауапқа тартылған.

Оның айтуынша, қылмыс болған 6 өңірге Алматы, Шымкент, БҚО, ШҚО, Қарағанды мен Маңғыстау облыстары жатады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама