×

4 пайыздық автонесие бағдарламасы жұмысын тоқтатады

Енді қаражат автобус сатып алуға жұмсалады

 Дәурен Ерболат 20.06.2023 | 10:51
Фото: naryk.kz

Елімізде 4 пайыздық автонесие бағдарламасы жұмысын тоқтатады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство басшысы бағдарламаның неге тоқталатынын түсіндірді.

«Оператор» РОП деген компания болды. Одан 100 млрд теңге алынып, «Өнәркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ға бөлінді. Нәтижесінде 4 пайыздық автонесие бағдарламасы істеп тұрды. Сол ақша толық (бағдарламаға) жұмсалды. Бұл қаржы болмаса, аталған бағдарлама болмайды.

Бұдан басқа, бұрын бөлінген ақша бар. Ол 4 қаржы көзінен 4 бағыт бойынша яғни, 82 млрд теңге револьверлік әдіспен бөлінді. Бұл өз алдына істеп тұрды. Осы қаржы толық қамти алмайды. Себебі, соңғы бөлінген 100 млрд теңге барлық бағытты қамтыды. Қазір 4 пайыздық автонесиені емес, (бағдарламаның бағытын – автор) қоғамдық көлікке ауыстырамыз ба деп ойлап отырмыз. Бар қаржыны мүмкіндігінше тиімді пайдалану керек, - деді министр Ақордада.

Марат Қарабаев жеңілдетілген автонесие бағдарламасының тоқтауы жеңіл көліктің құнына әсер етпейтінін атап өтті.

Оның айтуынша, енді барлық қаржы тозған автобустарды жаңартуға жұмсалады.

Біз бағдарламаның бағытын өзгертіп, автобус алуға кредит береміз. Қазақстанда жалпы 10 525 автобус бар. Олардың көпшілігі тозған. Мысалы, Қостанайда қоғамдық көліктің 90%-дан астамы тозған, ал Орал мен Талдықорғандағы көрсеткіш – 70%. Күн сайын 9 млн 300 мың отандасымыз қоғамдық көлікті пайдаланады, - деді ол.

Басшы енді қазақстандықтар көлікті нарықтық ставкамен сатып алатынын атап өтті.

(Отандық) көлік өндірушілердің немесе банктің бағдарламасы болатын шығар. 4 пайыздық автонесие бағдарламасының ақшасын толық қоғамдық көлік (автобус) сатып алуға бағыттаймыз, - деп сөзін түйіндеді  Марат Қарабаев.

Айта кетейік, жеңілдетілген автонесие бағдарламасының шарттары төмендегідей болған:

  • Көліктің құны 15 млн теңгеден аспауы керек;
  • Қаржыландыру сомасы – 10 млн теңгеден артық емес;
  • Қаржыландыру мерзімі – 7 жыл;
  • Бастапқы жарна – 0%;
  • Сыйақы мөлшерлемесі – 4%.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама