×

Атырауда Жайыққа батқан ағайынды жасөспірімдердің бірінің денесі табылды

Оның 2008 жылғы жасөспірім екені анықталды

 Халық үні 17.06.2023 | 07:25
фото: inform.kz

Атырауда Жайыққа батқан ағайынды жасөспірімдердің бірінің мүрдесі табылды. 

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Жайық өзеніне батқан ағайынды екі жасөспірімді іздеу 4 күн қатарынан жалғасып жатыр.

«Жедел құтқару жасағының құтқарушылары 13 маусымда кешкі мезгілде өзенге батып кеткен екі жасөспірімді іздестіруді бастаған еді. Сол күні бір топ жасөспірім Атырау қаласының маңындағы Геолог елді мекені тұсында Жайық өзеніне шомылуға барған. Жасөспірімдер шомылуға тыйым салынған белгі орнатылған тұста суға түскен. Алайда, 2007 және 2008 жылғы ағайынды жасөспірімдер Жайық өзеніне батып кеткен», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Жедел құтқару жасағының сүңгуір-құтқарушылары 13 маусымнан бері жалпы ауданы 400 шаршы метрден астам, 2 метрден 17 метрге дейінді тереңдікте суасты сүңгу жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде 16 маусымда жергілікті уақытпен сағат 15:10-да бір жасөспірімнің мүрдесі судан шығарылған.

«Жасөспірімнің бірінің мүрдесі суға шомылған жерден 20 метр радиуста, 12 метр тереңдіктен табылды. Оның 2008 жылғы жасөспірім екені анықталды. Құтқарушылардың көмегімен мүрдені судан шығарды», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Кеше, 16 маусымда Жайық өзенінде ағыстың жылдамдығы секундына 2,7 метр болған. Өзен ағысының жылдамдығы секундына 2 метр болса, суасты іздеу жұмыстарына рұқсат етіледі. Сондай-ақ, су астында бөгде заттардың көп кездесуі, судың лай болуы көріну деңгейін қиындатқан.

Су астынан іздестіру-құтқару жұмыстарына 10 құтқарушы, 4 жүзу құралы тартылған. Құтқарушыларға полиция қызметкерлері мен еріктілер көмектескен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама