×

Бірінші сыныпқа бару үшін 250 мыңға жуық өтініш түсті

Балалардың 70%-ға жуығы мемлекеттік тілде оқытуды таңдады

 Динара Амантай 15.06.2023 | 10:50
Фото: azattyq-ruhy.kz

Ата-аналардан балаларын бірінші сыныпқа апару үшін 250 мыңға жуық өтініш түсті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі. 

Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің хабарлауынша, бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау биыл 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Бүгінде бірінші сыныпқа қабылдауға 249 мың 737 өтініш түсті. Оның ішінде балалардың 70%-ға жуығы мемлекеттік тілде оқытуды таңдады.

Құжаттарды қабылдау штаттық режимде болып жатыр. Ата-аналар белсенділік танытуда. Биылғы бірінші сыныпқа қабылданушылар арасында мемлекеттік тілде оқығысы келетіндер көп. Қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қабылдау бойынша Қызылорда (94,1%), Маңғыстау (93,2%), Ұлытау (82,5%), Түркістан (80,6%) және Жамбыл (79,4%) облыстары ең жоғары көрсеткішпен алда тұр, – деді комитет төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев.

Қазір бірінші сыныпқа қабылдау бойынша өтінімдердің жоғары көрсеткіштері Қызылорда (92%), Ұлытау (83,7%), Шығыс Қазақстан (78%), Маңғыстау (87,1%) Түркістан (79,8%) облыстарында байқалады.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін құжаттарды қабылдау мемлекеттік қызметі толығымен автоматтандырылған. Бірінші сыныпқа қабылдау Еgov.kz электронды үкімет веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Мектепке балалар 6 жастан бастап ата-анасының немесе баланың заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады.

Сондай-ақ денсаулық жағдайы туралы құжаттар (026/у-3 нысаны және 065/у) және 3х4 өлшемді 2 фотосурет қоса беріледі. Алдын ала болжам бойынша, жаңа оқу жылында 410 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады деп жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама