×

Шымкентте кәсіпкерлердің құқығын бұзған мемлекеттік қызметкерлер жауапқа тартылды

Антикор 700-ден аса кәсіпкердің құқығын қорғады

 Динара Амантай 14.06.2023 | 14:45
Фото: СЖҚА Шымкент қ. бойынша департаменті

Шымкентте 700-ден аса кәсіпкердің құқығы қорғалды. Бұл туралы қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев өңірлік ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте айтты.

Спикердің айтуынша, Департамент «Бизнеске жол» жобасы аясында 700-ден астам кәсіпкердің құқықтарын қорғап, 2 мың 600-ден аса бизнес өкілдерімен 55 кездесу өткізген. Бизнес жер қатынастары, салықтық және кәсіпкерлік бастамаларды мемлекеттік қолдау салаларындағы кедергілерге жиі шағымданады. Жыл басынан бері Департаменттің ұсынысы бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын бұзғаны үшін мемлекеттік органдардың 6 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке, оның ішінде біреуі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сондай-ақ, бизнесті қорғау бойынша атқарылған жұмыстар туралы қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова хабардар етті. Оның айтуы бойынша, 2022 жылы кәсіпкерлер палатасының қарауына 200-ге жуық өтініштер келіп түссе, оның ішінде оң шешімін тапқан 63,8% құрайды, 85 млн теңгеге құқықтар қорғалған. Бұл негізінен мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша төленген борыштар сомалары, негізсіз әкімшілік айыппұлдар. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің 12 отырысы өткізіліп, онда бизнестің 25 жүйелі мәселесі қаралып, оның 90 пайызы бизнестің пайдасына оң шешілген.

Соңында спикерлер бизнеспен заң аясында айналысу керектігін, тек адал кәсіпкер ғана әрқашан заң шеңберінде қорғауға және көмекке сене алатындығын айтты.

Сондай-ақ, Агенттіктің 1424 Call-орталығының жұмысы туралы мәлімет беріп, онда сыбайлас жемқорлық туралы ақпаратты және лауазымды тұлғалар тарапынан басқа да әкімшілік кедергілерді сеніп тапсыруға болатынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама