×

Қарағандыда алимент бойынша берешек 1,7 млрд теңгеге жетті

Сондай-ақ 86 борышкерде жасырын кірістері бар екені анықталды

 Динара Амантай 14.06.2023 | 12:19
Фото: Қарағанды обл. прокуратурасы

Бүгін Қарағанды облысының прокуроры Бауыржан Мырзакеровтің төрағалығымен алимент өндіру жөніндегі жұмысқа қатысты алқа отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, іс-шараға өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен уәкілетті және мүдделі органдардың бірінші басшылары қатысқан.

Облыс прокуроры өңірде 1,7 млрд теңгеден астам (22 мың баланың алдында) алименттік берешектің бар екенін айтты.

Бұл жағдайға атқару органдарының басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, борышкерлермен жұмыс істеу, оларды бақылау, жұмысқа орналастыру, сондай-ақ оларға әкімшілік және қылмыстық ықпал ету бойынша өзара іс-қимылдың болмауымен байланысты болып отыр.

Қадағалау ведомствосы 86 борышкерде электрондық әмияндардан, букмекерлік компаниялардан, бағалы қағаздар биржаларынан және такси қызметтерінен түсетін жасырын кірістері (36 млн теңгеге) бар екені белгілі болды. Прокурорлар сот орындаушыларының әрекетсіздігінен өндіріп алынбаған 28 мүлік объектісін, 300-ден аса мал басы мен 22 арнайы техниканы анықтады. Мұның бәрі 89% жағдайда мүлікті иеліктен шығаруға әкелді, – деді облыс прокуроры.

Алқа отырысында борышкерлер іздеуге формалды түрде жарияланатындарына назар аударылды. Себебі олар еркін жүріп-тұрып, мемлекеттік қызметтерді пайдаланады және борышкер мәртебесінде екені туралы хабардар болмайды.

Бұған қоса отырыста борышкерлерді қылмыстық және әкімшілік қудалау мәселелері қозғалды. Облыс прокуратурасы Әділет министрінің атына қадағалау актісін жолдады. Қасақана борышкерлерге қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық іс қозғау туралы мәселе шешілетін болады.

Алқа нәтижелері бойынша бірқатар ұйымдастырушылық шаралар қабылданды.

Атап айтқанда, облыстың барлық өңірлеріде алиментпен жұмыс жөніндегі ведомствоаралық топтар және Жұмыспен қамту орталықтарының базасында алиментшілерді бірінші кезекте жұмысқа орналастыру жөніндегі бөлімшелер (Жұмыспен қамту орталығы, Кәсіпкерлер палатасы, Сот орындаушыларының палатасы, полиция, әділет органдары, балалар мен бизнес субъектілерінің құқықтары жөніндегі қоғамдық ұйымдар) құрылатын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама