×

Абай облысындағы елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ – министрлік

Өртті сөндіруге 1 800 адам мен 350-ден аса техника тартылды

 Дастан Жұмабекұлы 14.06.2023 | 10:30
фото:Төтенше жағдайлар министрлігі

Абай облысындағы жедел штабтың мәліметіне қарағанда, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Өртке қарсы арақашықтық пен минералдандырылған жолақтарды жасау, өрт ошақтары мен өрттің периметрі бойынша жиектерге су төгу, өрттің жиегін топырақпен жабу мен толтыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, жергілікті атқарушы органдар мен Қорғаныс министрлігінен 1 800-ге жуық адам, 350-ден астам бірлік техника жұмылдырылған.

Сонымен қатар, тікұшақтар өрт аумағын аэровизуалды тексеруді және өрт ошақтарына су  төгіп жатыр. Өткен тәулікте 535 рет 1 600-ға жуық тонна су төгілді. Өрт басталғалы бері 1450 рет 4 000 тоннадан астам су жіберілді.

«Қазгидромет» АҚ деректері бойынша 14 маусымға ауа-райы болжамы: жауын-шашынсыз, солтүстік, солтүстік-шығыс бағыттағы желдің жылдамдығы 15-20 м/с, екпіні 23-28 м/с болады деп күтілуде, ауа температурасы түнде +8+130С, күндіз +20+250С.

15 маусымда жауын-шашынсыз, солтүстік бағыттағы желдің жылдамдығы 9-14 м/с, екпіні 17-22 м/с болады деп күтілуде, түнде ауа температурасы +5+100С, күндіз +23+280С, – деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.

Осы уақытқа дейін жедел желі телефонына 179 қоңырау келіп түсті. ТЖМ және ТЖД жедел желісінің телефондары: 8 7172 53 32 84, 8 7222 35 38 31.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама