×

Бүгін еліміздің 7 облысында қатты ыстық болады

Алматыда күндіз +30...+32 градусқа дейін ыстық болса, Шымкентте термометр бағаны +36...+38 градусқа дейін көтеріледі.

 Халық үні 14.06.2023 | 07:50
ашық дереккөзден

Синоптиктер сәрсенбі, 14 маусымда елімізде қандай ауа райы болатынын болжады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлайды.

Метеорологтардың мәліметінше, бүгін еліміздің басым бөлігінде негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

Тек Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен солтүстік-шығысында және қиыр батысында күндіз найзағай ойнап, өткінші жаңбыр, бұршақ жаууы ықтимал.

Сонымен қатар республика бойынша жел күшейіп, оңтүстік пен оңтүстік-батыста және орталықта шаңды дауыл тұрып, солтүстікте тұман түсуі мүмкін. Бұдан бөлек синоптиктердің болжамынша, бүгін Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының басым бөлігінде, Ақтөбе облысының оңтүстігінде, Түркістан облысының шөлді аудандарында қатты ыстық, Атырау облысының оңтүстігінде өте қатты ыстық сақталады.

Бүгін Алматы қаласы мен Шымкентте де жоғары ауа температурасы сақталады. Алматыда күндіз +30...+32 градусқа дейін ыстық болса, Шымкентте термометр бағаны +36...+38 градусқа дейін көтеріледі.

Сондай-ақ бүгін Түркістан, Ақтөбе, Қызылорда, Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Ұлытау, Жетісу облыстарында, Алматы облысының солтүстігінде, орталығында, Қарағанды облысының оңтүстігінде, Қостанай облысының оңтүстік жартысында, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының оңтүстігінде, шығысында, солтүстігінде өрт шығу қаупі сақталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама