×

«Үстінде футболкадан басқа киім болмаған»: Ақтөбеде көз жұмған 19 жастағы қыздың өліміне қатысты тың дерек шықты

19 жастағы бойжеткеннің мәйіті осыдан бес күн бұрын қаладағы көпқабатты үйлердің алдынан табылған

 Халық үні 13.06.2023 | 19:45
Фото: видеодан алынды

Ақтөбеде жетінші қабаттан құлап өлген бойжеткеннің жақындары марқұмның өзіне қол салғанына сенбейді. Олар 19 жастағы бойжеткен кісі қолынан өлді деп отыр. Сондықтан сол күні жанында болған досын қатаң жазаға тартуды талап етуде, деп хабарлады КТК телеарнасы.

«Әкесін тергеп-тексеруге қосу керек. Адвокатын жалдап, қызын қорғасын. Біз 105-баппен келіспейміз. Бізге ауыр керек. Өлтірген ғой. Секіргенде лақтырып тастаған шығар», -дейді марқұмның ағасы Асылан Елшібаев.

19 жастағы бойжеткеннің мәйіті осыдан бес күн бұрын қаладағы көпқабатты үйлердің алдынан табылған. Ол жетінші қабаттан құлаған. Үстінде футболкадан басқа киім болмаған. Марқұмның туыстары сол күні қыз құлаған пәтерде қан іздері болды деп отыр. Сондықтан бойжеткеннің суицидке барғанына сенбейді. Пәтерде болған досы балконнан лақтырып жіберуі мүмкін екенін айтады.

Ал тәртіп сақшылары бірнеше сараптама жасаған. Бірақ оны тергеу құпиясына сай айта алмаймыз дейді.

«Өзін өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қылмыстық іс бойынша бірқатар сараптама тағайындалды. Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыс аясында өзге ақпарат жарияланбайды», - дейді Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама