×

Елімізде онлайн нотариаттық қызметтер тізімі кеңейтілді

«Цифрлық нотариат» пилоттық жобасы жетілдірілді

 Динара Амантай 13.06.2023 | 17:36
Фото: www.abifind.com

Елімізде онлайн режимде көрсетілетін нотариаттық қызметтердің тізімі кеңейтілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Әділет министрлігінің мәліметінше, жобаның бірінші кезеңінде онлайн форматта сенімхаттардың тек үш түрі ғана рәсімделіп келсе, қазір мүлікке иелік етуге байланысты сенімхаттардан өзге, барлық түрлері EGOV Mobile арқылы электрондық түрде қолжетімді.

Вице-министр Бекболат Молдабековтың айтуынша, биыл 11 сәуірден бастап министрлік Республикалық нотариаттық палатамен бірлесіп «Цифрлық нотариат» пилоттық жобасын іске қосқан. Оның шеңберінде халыққа сенімхаттарды онлайн форматта рәсімдеу мүмкіндігі берілді. Жобаның бірінші кезеңінде онлайн форматта сенімхаттың тек 3 түрі рәсімделген:

 - барлық мемлекеттік органдарда, мекемелерде, барлық меншік нысанындағы кәсіпорындарда мүдделер ұсынуға;

- мұрагерлік істі жүргізуге;

 - соттарда іс жүргізуге.

Алайда, жобаны жүзеге асыру барысында тұрғындардың өмірлік жағдайларына қарай онлайн режимде рәсімделетін сенімхаттар тізбесін кеңейту қажеттілігі туындады.

Осыған байланысты, Әділет министрлігі мүлікке иелік етуге байланысты сенімхаттардан өзге, сенімхаттардың барлық түрлерін осы тізбеге енгізу туралы шешім қабылдады. Қызмет алу сапасы мен ыңғайлылығын жақсарту бойынша жұмыс жалғасады, – деді Әділет вице-министрі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама