×

Шахматтан ӘЧ: Қазақстан құрамасы екі алтын мен төрт күміс жүлде алды

Әлем чемпионатына 35 елдің 450-ден астам спортшысы қатысты

 Дастан Жұмабекұлы 13.06.2023 | 11:54
фото: Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

Грузияның Батуми қаласында рапид және блиц шахматтан кадеттер мен жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының өкілдері  Айару Алтынбек (U-12) пен Зарина Нұрғалиева (U-14) алтын медаль мен күміс жүлде алса, Аланна Берікқызы мен Иман Нəбиев күміс жүлдегер атанды.

Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, швейцариялық жүйе бойынша 11 раундтан өткен жарысқа 35 елден келген 450-ден астам 8-18 жас аралығындағы ойыншы өзара сынға түсті.

Қазақстан құрамасының өрендері 6 күнге созылған чемпионатта айтарлықтай нəтиже көрсетті.

Əуелі жас ойыншылар рапид түрінен үздіктерді анықтады. Мұнда Аланна Берікқызы (10 жасқа дейін), Айару Алтынбек (U-12) пен Зарина Нұрғалиева  (U-14) өз жас санатында екінші орыннан көрінді.

Осыдан кейін кезек блиц шахматқа келді. Зияткерлік ойынның бұл түрінде Батумиге барған ең жас отандасымыз 8 жастағы Иман Нəбиев күміс медаль жеңіп алды. Ол тек шотландиялық Луис Ченгке есе жіберді. Ал Айару Алтынбек (U-12) пен Зарина Нұрғалиева (U-14) қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды.

Жуырда ғана классикалық шахматтан 9 жасқа дейінгі ойыншылар арасында əлем чемпионы атанған Аланна Берікқызы бұл сында үздік бестікті түйіндеді. Осы тұста ұйымдастырушылар жігерлендіру үшін барлық жас санатында жақсы нəтиже көрсеткен əдеттегідей 3 емес, 5 ойыншыға жүлде табыс еткенін айта кету керек.

Жылдам шахматтан уақытты бақылау бірінші қадамнан бастап әр қадамға 15 минут + 5 секунд, ал блиц чемпионаттары үшін бірінші қадамнан бастап әр қадамға 5 минут + 3 секунд болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама