×

Қазақстанда «бай адам» санатын анықтайтын табыс сомасы белгіленуі ықтимал

Оларға салық салмас бұрын заңды реттеу керек

 Дәурен Ерболат 12.06.2023 | 17:58
Фото: Halyq Uni

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Қазақстанда «бай адам» санатын анықтайтын табыс сомасы белгіленуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның пікірінше, елімізде «бай адам деген кім?» деген сұраққа жауап беру үшін деректерді жинау керек.

Сізге нақты цифр керек шығар. Ондай цифрды атау әзірге ерте. Себебі, бәрі жалпыға бірдей декларация аясында жүретіндіктен, алынған мәліметтерді жинау керек. Кімнің қандай табысы бар екенін талдап, жіктеу қажет. Бұл шамамен 2027 жылы мүмкін болады. Қазір 2023 жыл. 5 жылдан кейін «бай адам» деп кімді айтуға болатынын зерттеп, есептеуге болатын шығар. Нақты бір цифрды анықтайтын шығармыз, - деді министрдің орынбасары Сенатта өткен дөңгелек үстелден соң.

Азамат Әмрин болашақта байларға салық қалай салынатынын түсіндірді.

«Табыс салығының прогрессивті шкаласы қандай шекті сомадан бастап алынатынын есептейміз. 10% деген базалық мөлшерлеме болатыны түсінікті. Одан жоғары 15-20% болу керек деген нұсқалар бар. 10-20-30%-дық шкала қою мүмкіндігін талқылап жатырмыз.

Алайда оның бәрі қанша сомадан алынады? Миллион теңге ме, 1,5-2 млн теңге ме? Ол соманы заңдағы өзгерістердің мәтінін жазған кезде атайтын шығармыз. Себебі, қазір алдағы 5 жылға болжам айту қиын. Жалпы бұл сұрақпен бір күні бетпе-бет келетініміз түсінікті. Салық кодексінің мәтіні дайын болған кезде ол цифрды айтамыз, - деді Азамат Әмрин.

Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері Салық кодексінің жаңа редакциясын Парламент қарауына 2024 жылғы көктемге дейін ұсынуды жоспарлап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама