×

Павлодарда жалдамалы алаяқ ұсталды

Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр

 Динара Амантай 09.06.2023 | 17:00
Фото: polisia.kz

Павлодарда алаяқтыққа қатысы бар күдікті ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 6 маусымда Forte bank қызметкерлерінің көмегімен облыстық орталықтың банкоматтарында алаяқтық жолмен өндірілген ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан 28 жастағы павлодарлық анықталып, ұсталды. Ол мұндай қызметке тапсырыс берушілермен Telegram әлеуметтік желісі арқылы байланысқа шыққан.

Қаскөйлер азаматтарға өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, олардың атына несие рәсімделіп жатқанын айтып алдаған. Осы арқылы СМС-кодтар мен карта нөмірлерін алған. Содан кейін құпия деректер арқылы ақшаны павлодарлықтың шотына аударып келген. Ал ол өз кезегінде қаражатты шотынан шешіп алып отырған.

Тергеу жедел іс-шарасын өткізу барысында күдікті павлодарлықтың жасалған қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Онда көрсетілген схема бойынша Ақтоғай ауылының 42 жастағы тұрғынынан 3,9 млн теңге иемденген. Осы факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлімінің 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, – деді Павлодар облысының ПД бастығы Василий Скляр.

Павлодар облысының полиция департаменті азаматтарды, әсіресе, егде жастағыларды қырағы болуға және мұндай қоңырауларға сенбеуге шақырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама