×

Қылмыстық процестерде адвокаттардың рөлі күшейеді

Қорғаушы тараптың өкілеттіліктерін кеңейтетін заңнамалық актілерге түзетулер енгізілді

 Динара Амантай 09.06.2023 | 11:43
Фото: Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Прокурорлар мен адвокаттар өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Бас прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаевтың Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаевпен адвокаттық қоғамдастықтың прокуратура органдарымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша кездесуі өтті.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, қылмыстық орбитаға тартылған адамдардың құқығын қорғауды, сондай-ақ олардың білікті заң көмегін алу құқығын нығайту – прокуратура органдары үшін басым міндет. Қазір бұл бағыт бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Қылмыстық процесте қорғаушы тараптың өкілеттіліктерін едәуір кеңейтетін заңнамалық актілерге өзгерістер, түзетулер енгізілді.

Тергеу органдарының жұмысын жаңғыртумен бір уақытта қылмыстық процесте адвокаттардың рөлін күшейтуге ерекше назар аударылды. Адвокаттар өздерінің қорғалушыларына қатысты барлық іс жүргізу құжаттарымен таныса алады, сондай-ақ іс бойынша сот сараптамасын жүргізуге бастамашылық жасайды.

Мысалы, СДТБТ-да «Жария сектор» электрондық порталы іске қосылды. Оның көмегімен қылмыстық процеске қатысушылармен олардың қорғаушылары тергеушіге немесе прокурорға шағымдар мен өтініштерді тікелей бере алады, сондай-ақ оларға жауап ала алады. Сандық форматтың арқасында адвокаттар электрондық материалдарға кез келген уақытта қол жеткізеді. Бұл қылмыстық процестің ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін едәуір арттырады.

Бұған қоса, прокуратура органдарының «Азаматтарды қабылдау орталығы» үй-жайларында адвокаттардың интернет-модульдері бар мобильді құрылғыларды, басқа да (ноутбуктерді) техникаларды алып жүруіне және пайдалануына шектеулерді алып тастау бойынша мәселелер қозғалды.

Кездесу соңында тараптар сындарлы диалогпен одан әрі ынтымақтастықты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама