×

«Рас ақпарат беріңдер»: Месси қай клубқа ауысатынын айтты

Арабтар оған үш жылға 1 млрд 500 млн еуро төлегісі келген екен

 Дастан Жұмабекұлы 08.06.2023 | 10:14
фото: ашық дереккөз

Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси қай клубқа ауысатынын айтты. Ол Mundo Deportivo басылымына берген сұхбатында соңғы кезде болашақ командасына қатысты алып-қашпа әңгіменің болып жатқанын, Испанияның «Барселона» мен Сауд Арабиясының «Әл-Хилал» командасында ойнамайтынын ескертті.

Месси таңдауды АҚШ-тың MLS лигасына жасағанын мәлімдеді.

«Барселонаға» қайтып бармаймын. «Әл-Хилал» клубының ұсынысына да келіскен жоқпын. Рас ақпарат беріңдер. Мен «Интер Майамиге» ауысамын. Бұл команда АҚШ-тың MLS лигасында ойнайды. Әлі келісімшартқа қатысты аздаған мәселе бар. Бірақ 100 пайыз сол жаққа барамын, – деді Месси.

Еске сала кетсек, Аргентина құрамасының шабуылшысы «Пари Сен-Жермен» клубының сапында соңғы рет 3 маусымда алаңға шықты. Сол күні ол «Клермон» командасына қарсы ойнады. Одан кейін оның қай елдің клубында ойнайтыны белгісіз болған. Енді өзі айтқандай, мәселе 100 пайыз шешіліпті.

Ал «Әл-Хилал» клубының басшысы Мессидің ««Интер Майамиді» таңдағанын естігенде соңғы минутқа дейін үмітін үзбей, футболшыға тағы 300 млн еуро қосып бергісі келген деген сөз бар. Сөйтіп, оған арабтар үш жылға 1 млрд 500 млн еуро төлегісі келген екен.

Месси 2021 жылдан бастап париждік клуб намысын қорғады. Өткен маусымда аргентиналық шабуылшы 58 матчқа қатысып, 22 гол салып, 30 нәтижелі паспен көзге түсті. Ол ПСЖ-ның құрамында екі рет Францияның чемпионы болып, бір рет осы елдің суперкубогының иегері атанды.

Месси – «Алтын доп» сыйлығын 7 рет, «Алтын бутсы» премиясын 6 рет алған тарихтағы жалғыз футболшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама