×

«ҚазМұнайГаз» экология мәселесін назардан тыс қалдырмайды – Мағзұм Мырзағалиев

Мұнай төгілген 192 гектар жер қалпына келтірілді

 Дәурен Ерболат 06.06.2023 | 17:00
Фото: "ҚазМұнайГаз" АҚ баспасөз қызметі

«ҚазМұнайГаз» АҚ экология мәселесін назардан тыс қалдырмайды әрі оның шешу жолдарын ашық талқылайды. Бұл туралы «ҚМГ» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

Бүгін Атырау қаласында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай «Атырау экология диалогы: Экология және өнеркәсіп. Қоғам игілігі жолындағы серіктестік» тақырыбында конференция ұйымдастырылды.

Маңызды іс-шараға қоғам өкілдері, экобелсенділер мен волонтерлер, эколог ғалымдар, «ҚазМұнайГаз» АҚ және оған еншілес ұйымдардың басшылығы (АМӨЗ, KPI зауыты, «Ембімұнайгаз» АҚ), Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Сенат пен Мәжіліс депутаттары қатысып, өздерін толғандырған сұрақтарды қойды.

Конференция барысында «ҚМГ» АҚ 2031 жылға дейін Атырау облысындағы еншілес кәсіпорындарда көмірқышқыл газы (CO₂) шығарындысын 400 мың тоннаға қысқартуды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Бұл – компанияның барлық еншілес ұйымында төмендетуге болатын көміртек оксидінің үштен бір (37%) бөлігі.

10 жылда «ҚазМұнайГаз» АҚ бүкіл компания тобы бойынша CO₂ шығарындысын 1,6 млн тоннаға қысқартуды жоспарлап отыр.

Қоршаған ортаны қорғау — біз үшін аса маңызды басымдықтардың бірі. Бұрынғы экология министрі ретінде бұл саладағы, оның ішінде Атырау өңіріндегі қордаланған өзекті мәселелерді жақсы білемін. Біз оны жоққа шығарып, жасыруға немесе жабулы қазан күйінде үнсіз қалдыруға тырыспаймыз. Біз мәселенің барын ашық мойындаймыз. Оны көпшілікпен талқылауға дайынбыз. Ең бастысы мәселенің шешу жолдарын тауып, жүзеге асыру керек. Бұған – біздің бүгінгі ашық диалог алаңымыз дәлел», -  деді «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев іс-шарада.

Конференцияда Атырау облысындағы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының активтері, яғни Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) отын-энергетикалық ресурстарды тұтынуды қысқарту жоспары ұсынылды.

Мәселен кәсіпорын шығарындылары іс-шара кешенінің, соның ішінде пештерді техникалық қайта жарақтандыру мен қондырғылардағы техникалық ескірген оттықтарды ауыстыру арқасында 2023-2027 жылдары 327,8 мың тонна CO₂-ге азаяды.

Сондай-ақ зауытта 2025 жылға дейін резервуарлардан көмірсутек буларының атмосферада булануын азайту үшін понтондар орнатылады. Бүгінде жоба жүзеге асырылып жатыр. Ол көмірсутектердің булануын әр резервуардан 80%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ АМӨЗ басшылығы 4 технологиялық қондырғыда (зауыттағы ластаушы заттар шығарындыларының негізгі көзі) автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу туралы айтты.

Мониторинг жүйесі пештер мен қазандықтардан түтін газдарының құрамындағы күкірт ангидриді, күйе, метан, азот оксидтері, көміртегі оксиді бойынша талдау нәтижесін автоматты режимде бақылаушы органдарға жіберіп отырады. Бұл кәсіпорынның экологияда ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар зауыт су ресурстарын ұқыпты пайдалану бойынша жауапкершілік алады. Ол үшін 2028 жылдың соңына дейін ағынды суларды тазарту қондырғысын салу жоспарда бар.

Бұл жоба Жайық өзенінен су тұтыну көлемін 57%-ға азайтуға, тазартылған ағынды суды өндірісте қайта қолдану арқылы зауыттың сарқынды суды ағызу көлемін 70%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, 2028 жылға қарай өзеннен алынатын су көлемі жылына 7 млн тоннадан (2022 жылы) 3,9 млн тоннаға дейін төмендейді.Сондай-ақ ҚМГ «Ембімұнайгаз» АҚ жабдықтары үшін қазандық-пеш отынын қолдану көлемін төмендету арқылы оның тиімділігін арттыру жолдарын қарастырылуда. Бүгінде дайындық кезеңі аяқталды.

Сонымен қатар «Ембімұнайгаз» 2027 жылы метанның ағып кетуін анықтау және жою технологиясын (LDAR) енгізуді жоспарлап отыр.

Жиында компания Атырау облысының әкімдігімен меморандумға қол қойды. Құжат бойынша 3 жыл ішінде Атырау облысында 10 мыңға дейін ағаш отырғызу жоспарда.

«ҚазМұнайГаз» атмосфераға бөлінетін заттарды басқару жөніндегі шаралардан бөлек, шикі газды жағуды азайтуды, су ресурстарын қайта пайдалануды, сондай-ақ рекультивация жұмыстарын қолға алды.

Компания 2030 жылға қарай тұрақты газ жағу көлемін нөлге дейін жеткізуге міндеттеме алды. Қазірдің өзінде 2017 жылмен салыстырғанда шикі газды жағу көлемі 89%-ға төмендеді. Бұл көрсеткішке негізінен Ембімұнайгазда газ өңдеу қондырғысын пайдалануға беру арқылы қол жеткізілді.

«ҚазМұнайГаз» АҚ өндіруші компаниялардың кен орындарында бұрыннан жиналған мұнаймен ластанған жерлерді тазарту бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Соңғы 2 жылда компаниялар тобы бойынша барлығы 1,2 млн тоннадан асатын мұнай қалдықтары утилизацияланып, 192 гектар жер қалпына келтірілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама