×

Тоқаев рақымшылық туралы заңға қол қойды

Бұған дейін рақымшылық аясында 1 мың адам бостандыққа шығатыны айтылған

 Халық үні 07.12.2021 | 16:46
фото: Halyq Uni

Мемлекет басшысы ҚР Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды.

Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады. Ауыр және аса ауыр, сондай-ақ террористік және экстремистік қылмыстарға барған адамдар рақымшылыққа ілікпейді.

Қазір республикада 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның 30 мыңына сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адамға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, қамауда отыр. 93%-і ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін түрмеге жабылған. 45%-і оның алдында бірнеше рет сотталған. Сонымен қатар, 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр.

Бұған дейін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев хабарлағандай, заң жобасы бойынша 2 292 сотталушыға, пробациялық бақылауда тұрған 11 753 адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады, 3881 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1330 сотталушының, пробацияда тұрған 7492 адамның жаза мерзімі қысқартылады

Серіктес жаңалықтары

Сараптама