×

Антикор Мұхамедиұлының «Дипломат» қонақүйі туралы мәлімдемесіне жауап берді

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта 111 млн теңгені тергеу қысым көрсеткеннен кейін өтегенін айтты

 Халық үні 05.06.2023 | 22:45
Фото: Halyq Uni

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта 111 млн теңгені тергеу қысым көрсеткеннен кейін өтегенін айтты. Алайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министрдің соттағы мәлімдемесін жоққа шығарып, жала жабу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталуы мүмкін екенін хабарлады.

«Мені (2022 жылдың) 26 мамырда қамады. Тергеуші менен бірінші рет 15 шілдеде жауап алды. 46-47 күн өткеннен кейін... Менен жауап алуын өзім сұрадым. 45 күн бойы қамауда отырдым, қандай айып тағылғанын білмедім. Ешқандай тергеу әрекеті жүргізілмеді. Өзім тергеушіге жауап алыңыз деп жаздым. (...)

Тергеушіге көрменің қалай өткені туралы барлық құжатты бердім. Өкінішке қарай тергеуші Тәжібаев ол құжаттарды тіркемеді, құжаттар жоғалып кетті. Сол құжаттарды таба алмай жатырмыз. Бұл – өте маңызды құжат. Мақсатты түрде оларды жоқ қылып жіберді деп ойлаймын», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта.

Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде бұрынғы мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлына қатысты сот процесінен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері «Дипломат» қонақ үйін үшінші тұлғаларға қайта жазуға және 111 млн теңге сомасында залалды өтеуге мәжбүрледі деген ақпарат пен бейнеролик тарады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Ведомствоның хабарлауынша, Мұхамедиұлына 221 млн теңге жымқырды деген айып тағылып, оның қатысы жиналған дәлелдемелермен расталып, іс-әрекеттердің біліктілігі прокуратура органдарымен келісілді. Оның әрекеттеріне қорытынды бағаны сот береді.

Сонымен қатар, тергеу барысында жауапкершілікті жеңілдету мақсатында ол мемлекет кірісіне айналдырылған 111 млн теңге сомасындағы залал ішінара өтелді.

«Қазіргі уақытта «Дипломат» қонақ үйін рейдерлік басып алды деген күдікті Мұхамедиұлының өзіне қатысты қосымша эпизод бойынша тергеу аяқталды. Осыған байланысты, Мұхамедиұлы сотталушыларына аталған мән-жайлар бойынша сот пен жұртшылықты адастыру жолымен жауапкершіліктен жалтару мақсатында жалған ақпарат берілді. Жала жабу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастау туралы мәселе шешілуде. Азаматтардан тек ресми көздерден алынған объективті деректерге сенуді сұраймыз», – делінген Антикордың ресми мәлімдемесінде.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама