×

ҰБТ кезінде 92 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды

Шекті балды 78%-ға жуық бала жинады

 Динара Амантай 02.06.2023 | 17:17
Фото: stan.kz

Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде 92 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өткені үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, негізгі ҰБТ басталғаннан бері 86 мыңнан аса адам тест тапсырған. Оның ішінде талапкерлердің 74%-ы қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде, 84 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

ҰБТ басталғалы шекті балды 78%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 70 балды құрады. Ең жоғары балл – 137, оны өткен аптада бір талапкер жинаған.

Негізгі ҰБТ-ның екінші аптасының қорытындысы бойынша 86 мыңнан аса талапкер тест тапсырды. Осыған байланысты қызық статистикалық мәліметтің бірнеше мысалын келтіре кетсем. Баршаңыз білетіндей, ҰБТ екі лекте өткізіледі. Статистикаға сәйкес, таңғы лекте ҰБТ тапсырушылардың орташа балы түстен кейінгі лекте тапсыратын талапкерлерден жоғары. Қазір айырмашылық 4 балды құрайды: сәйкесінше 72 және 68 балл. Сонымен қатар өткен жылы біз ҰБТ нәтижелері бойынша тақырыптық талдау енгіздік. Яғни, тестілеу аяқталғаннан кейін әрбір талапкер қандай тақырыптар бойынша қателіктер жібергенін көріп, тақырыптық талдау алады. Сонымен, екі аптаның қорытындысы бойынша «Оқу сауаттылығы» пәнін ең жақсы тапсырды. Орташа есеппен, сұрақтардың 79%-ына дұрыс жауап берілген. Ал «Химияны» тапсырған талапкерлер тек 36% тапсырманы дұрыс орындаған, олар үшін «Стандартты электродтық потенциалдар. Тотығу-тотықсыздану реакциялары» тақырыбы қиын болды. Осылайша, ҰБТ нәтижелері бойынша біз тек сандар емес, сонымен қатар тақырыптар бойынша егжей-тегжей талдауды да ұсына аламыз, - деді ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Айта кетсек, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға екі аптаның ішінде 230 талапкер қатысты.

Бүгінде 92 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 74 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама