×

1 шілдеден бастап 2 санат бойынша жәрдемақы 14,5% өседі

Шілдеден бастап мүгедектік бойынша, асыраушысынан айырылу себебімен төленетін әлеуметтік жәрдемақылардың көлемі ұлғаяды

 Халық үні 02.06.2023 | 07:48
Фото: Тұрар Қазанғапов

1 шілдеден бастап мүгедектігі бар адамдар мен асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы 14,5% өседі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Әлеуметтік кодекс аясында 1 шілдеден бастап мүгедектік бойынша, асыраушысынан айырылу себебімен төленетін әлеуметтік жәрдемақылардың көлемі ұлғаяды. Оның мөлшері орта есеппен 14,5 пайызға артады. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 41 млрд теңге бөлінді», - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша,  2023 жылға арналған республикалық бюджетте мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеуге 379 млрд теңге, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға жәрдемақы мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақыға – 71,7 млрд теңге, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыға – 113,8 млрд теңге көзделген. Жалпы, 1 шілдеден бастап төлемдер мөлшерін ұлғайтуға республикалық бюджеттен қосымша 41 млрд теңге бөлінген.

«Мүгедектігі бар адамдар, оның ішінде балалар көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің (тек ересектерге арналған) және ымдау тілі маманының қызметімен қамтамасыз етіледі. Жыл сайын мүгедектігі бар адамдарға 400 мыңға жуық тауарлар мен қызметтерді ұсынылады. Бұл мақсаттарға жыл сайын 71 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді», – деді Назгүл Сағындықова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама