×

Ресейден бидайды салықсыз әкелуден бюджетке 660 млн теңге залал келтірілген – сенатор

Заңдағы «контрабанда» және «жалтару» ұғымын ажырату керек

 Дәурен Ерболат 01.06.2023 | 12:33
Фото: total.kz

Астық контрабандасы салдарынан Қазақстан бюджетіне қомақты салық түспей, 660 млн теңге залал келген. Бұл туралы Сенат депутаты Андрей Лукин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сенатор депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа жолдады. Оның айтуынша, жалған құжат жасап, Ресейден Қазақстанға бидайды салық төлемей, заңсыз әкелудің тұрақты жолдары бар. Сондай-ақ бұл астықты ЕАЭО-дан тыс жерлерге экспорттағаны үшін кәсіпкерлер Қазақстан бюджетінен төлем алып отыр.

2019 жылдан бастап осы уақытқа дейін Ресейден СҚО аумағына 450 мың тоннадан аса бидай әкелінген. Олар Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің ілеспе құжаттары бойынша астық қабылдау пункттеріне тапсырылды. Құжаттамалық рәсімнен кейін трейдерлер өнімді қазақстандық тауар ретінде елден тысқары жерге экспорттады. Бұл бюджет есебінен қосымша құн салығын экспорттаушыларға заңсыз қайтарып беруге әкеп соқтырды.

Құқық қорғау органдары жалған құжаттар бойынша бидайды заңсыз әкелу схемасын растап отыр. Ресейден Қазақстанға әкелінген тауардан төленбеген қосымша құн салығы түріндегі мемлекетке алдын ала келген залал 660 млн теңгеден асты», - деді Андрей Лукин.

Ол мұндай жағдайдың себебін Ресейден әкелінетін астық өнімдерін пайдалануды есепке алу және одан әрі бақылау жүйесінің болмауымен байланыстырады. Сондықтан экономикалық контрабанда мәселесін тез шешу керек.

«Қылмыстық заңнамада бір қылмыстық ниет үшін құқықбұзушылықтың 2 түрі көзделген. Егер біреуінде тауарды тәркілесек, екіншісінде қажет төлемдерді төлегеннен кейін оны қайтаруға тура келеді. Жоғарғы соттың нормативтік қаулысында да осы қылмыстық құқықбұзушылықтар белгілерінің нақты айырмашылығы жоқ.

Салдарынан Жетісу облысында экономикалық контрабанданың қылмыстық құрамын әртүрлі мағынада түсіне бастады. ТНВЭД кодын дұрыс көрсетпегені үшін біреуді контрабандист деп таниды, екіншісін «жалтарғаны» үшін деп айыптайды. Мұндай жағдайларда контрабанданы жалтарудан ажыратуға бағытталған түзетулер енгізу арқылы осы жағдайға заңнамалық араласудың шұғыл қажеттілігі туындап отыр, - деді сенатор.

Сондай-ақ ол Үкіметтен заңда «контрабанда» және «жалтару» ұғымын ажыратуды, ЕАЭО елдерінен әкелінетін тауарларды есепке алу және бақылау процесін цифрландыруды, сондай-ақ тауарларды көлеңкелі жеткізумен күресті күшейтуді сұрады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама