×

Ердоғанның жеңісі: Түркия белсенді ойыншы ретінде қала береді

Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда 6,3 млрд долларға жетті

 Ая Өміртай 30.05.2023 | 16:00
Фото: bbc.com

28 мамырда Түркия алдағы бес жылға мемлекет басшысын сайлады. Ел тарихында алғаш рет үміткерлер екінші турға өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жексенбі күнгі сайлауда елді 20 жыл басқарған Режеп Тайип Ердоған Кемал Қылычдароглудан 4%пайыз асып түсті.

Түркия Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, бюллетеньдердің 99,85 пайызы өңделгеннен кейін Ердоған сайлаудың екінші кезеңінде 52,16 пайыз дауыс жинап, сайлаушылардың 47,84 пайызы оппозиция кандидаты Кемал Кылычдароглуға дауыс берген.

Дегенмен ЕҚЫҰ-ның халықаралық бақылаушылары Түркиядағы президент сайлауын толығымен еркін және әділ өтті деп мойындамады. Олардың сайлаудың екінші туры туралы есебінде сайлаушыларға, оның ішінде мемлекеттік БАҚ тарапынан да біржақтылық пен қысым болғаны айтылған.

Сондай-ақ, мемлекеттік БАҚ-тың біржақтылығы мен сөз бостандығын шектеу туралы айтылады. ЕҚЫҰ-ның мәліметінше, бұл кандидаттардың тең емес позициясына және Режеп Тайип Ердоғанға артықшылықтардың берілуіне әкеліп отыр.

МАҢЫЗДЫ ОДАҚТАС

Украинадағы соғыс кезінде күрт артқан Түркияның жаһандық стратегиялық маңызын жексенбі күні кешкі сайлаудағы жеңісімен Ердоғанды құттықтауға асыққан әлем көшбасшыларының санына қарап бағалауға болады.
Алғашқылардың бірі болып Ресей президенті Владимир Путин әдеттегідей нәтиженің ресми жариялануын күткен жоқ. Оның айтуынша, Ердоғанның жеңіске жетуіне оның «тәуелсіз сыртқы саясаты» себеп.

Ердоғанның жеңісімен АҚШ пен Франция президенттері де бірден құттықтады. Олар Анкараның Мәскеумен жақындасуын және елдегі демократиялық бостандықтарға жасалған шабуылды ұнатпаса да, Түркия Батыс елдері үшін ең маңызды одақтас есебінде.

Сонымен қатар, Түркия НАТО әскери альянсының барлық миссияларына қатысатын негізгі мүшесі болып табылады. Сөйте тұра Ердоған Ресеймен тығыз байланыста бола тұра, Украинаға әскери көмек көрсетеді.
Оның делдалдығы өсіп келе жатқан жаһандық азық-түлік дағдарысын жеңілдетіп, соғысушы елдер арасындағы астық мәмілесін жасауға көмектесті. 

Сарапшылардың пайымдауынша, Түркия Еуропаға көші-қон мәселесін шешуде шешуші ел ретінде белгілі. Мәселен, 2015 жылғы көші-қон дағдарысынан кейін Ердоған қомақты қаржы мен визалық жеңілдіктерге айырбас ретінде Түркия арқылы өтетін мигранттар ағынының ЕО-ға мүше елдердің жағалауларына жете алмауы үшін бар күш-жігерін салды. 

ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫС 3,4 ЕСЕ АРТҚАН

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанды президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады. Ол Ердоғанның сайлаудағы нәтижесін «жарқын жеңіс» деп атады. 

Режеп Тайип Ердоғанды Түркияда өткен президент сайлауының екінші кезеңіндегі жарқын жеңісімен құттықтаймын! Елдерімізді тарихи достық және ынтымақтастық байланыстар біріктіреді. Осы жан-жақты ынтымақтастық стратегиясы одан әрі дами береді, – деп жазды Тоқаев.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2010-2022 жылдар аралығында Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық байланыс 3,4 есе нығайып, 6,3 миллиард долларға жеткен. Негізгі өсім соңғы екі жылда, яғни 2020 жылдан бастап екі есеге жуық өсіп отыр. 

Түркиямен сауда құрылымында Қазақстан шамамен 75% экспорт өнімдерін шығарады. Мұндағы негізгі тауарлар – мұнай және мұнай өнімдері, мыс, мырыш, алюминий, қорғасын және тағы басқа. 

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде екі ел арасындағы тауар айналымын биылғы жылы 10 миллиард долларға дейін арттыру керектігін айтқан болатын. 

Айтпақшы, Ердоғанның қайта сайлануымен Түркияның Еуропалық Одаққа кіру мүмкіндігі туралы мәселе қайтадан тоқтатылған сыңайлы. Сарапшылардың айтуынша, Еуропалық Одаққа қосылу қазіргі Президенттің саяси күн тәртібіндегі соңғы орындардың біріндегі мәселе ретінде қалып отыр. 

ТҮРКИЯ БЕЛСЕНДІ ОЙЫНШЫ РЕТІНДЕ ҚАЛА БЕРЕДІ

Саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков Ердоған тұсында Түркияның Шығыс Еуропадан Орталық Азияға, Кавказдан Сирияға дейінгі үлкен аймақтың геосаяси алаңында өте белсенді ойыншы болып қала беретінін айтады. 

Әзірбайжанның нығаюына мүмкіндік берген Ердоғанның саясаты екені сөзсіз, оның Қарабақ мәселесінде жеңіске жетуіне себеп болды. Сонымен қатар, Әзірбайжан мен Армения арасындағы келісімдер Түркиямен қарым-қатынасқа да қатысты осындай шартты пакеттік форматта. Әрине, Ердоғанның жеңісі Ресей үшін де көп нәрсені білдіреді. Егер Қылычдароглу жеңіске жетсе, жүк транзитінде, халық үшін рейстерде қиындықтар туындауы мүмкін еді. Бүгінде Түркия Ресей үшін маңызды транзиттік орталық болып табылады, – деп түсіндірді сарапшы. 

Ал Түркиядағы сайлау Қазақстанға және екіжақты қарым-қатынасымызға қалай әсер етеді деген сауалға саясаттанушы қазіргі геосаяси қайшылықтар кезінде Қазақстан үшін әсері маңызды болуы заңдылық екенін айтады. 

Әсер етпеуі де мүмкін. Бізде президенттер арасында да, елдер арасында бір жолға қойылған ресми қатынас бар. Дегенмен, бауырластық байланыстар рөл атқарады және саясат та осымен байланысты. Бірақ Ердоған тұсындағы Түркияның өте белсенді ойыншы болуы да маңызды және бұл біздің аймағымыздағы көпвекторлы саясат пен геосаяси қайшылықтар тұрғысынан біз үшін маңызды, – дейді Сұлтан Әкімбеков. 

Саясаттанушы алдағы бес жылда Ердоғанның алдындағы негізгі міндет ретінде экономикалық мәселелерді шешу тұрғанын айтады.

«Негізгі проблемалар экономикада болады. Тым жоғары инфляция, лираның құлдырауы. Айта кету керек, қазір әлемдегі экономикалық жағдай өзгеріп жатыр, Түркия үшін ең жақсы кезең келе жатыр деп айта алмаймыз. Себебі, бұл сайлаудың нәтижесі Түркияның өзінде ғана емес, оның айналасындағы үлкен аймақта да үлкен өзгерістерге әкелуі мүмкін. Сайлаудың мұндай жаппай әсер етуі сирек кездеседі. Салыстырмалы түрде айтсақ, Түркияның Сириядағы, Ливиядағы, Оңтүстік Кавказдағы, Орталық Азиядағы, сонымен қатар Ресейдегі саясатына қатысты мәселелер күн тәртібінде болды. Бұл мәселелердің барлығы тікелей Режеп Тайип Ердоғанға қатысты. Оның тұсында Түркия осындай белсенді рөл атқара бастады. Ол персоналистік типтегі өте қатал саясаткер. Сәйкесінше, соңғы екі онжылдықтағы түрік саясаты оның есімімен байланысты. Егер ол жеңілсе, жағдай өзгерер еді», – дейді Сұлтан Әкімбеков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама