×

Таэквондодан ӘЧ: Қазақстан құрамасы татамиге шықты

Дода Халықаралық таеквондо федерациясының 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр

 Дастан Жұмабекұлы 30.05.2023 | 08:31
фото: Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

Әзербайжан Республикасының астанасы – Баку қаласында таеквондодан XXVI әлем чемпионаты басталды, деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Биылғы бәсекеге 145 елден 950-ден аса таңдаулы спортшы жиналды. Олар алғашқы жарыс күні Олимпиада бағдарламасына кіретін екі салмақта сынға түсіп жатыр. Ұлттық құрама спортшылары – Эльдар Бірімбай (68 кг) мен Мария Севостьянова (57 кг) жарысты екінші айналымда аяқтады.

Мария Севостьянова бірінші айналымда чехиялық Хана Флегрованы сенімді ұтқан. Осыдан кейін тартысты жекпе-жекте тәжірибелі бразилиялық Мария Клара Лимаға жол берді. 17 жастағы отандасымыз биыл ұлттық құрама сапына қосылды. Былтыр жастар арасындағы Азия және Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Биыл Словенияның ашық чемпионатында топ жарған. Ол рейтингтік турнир болып саналады. Бұл – оның ересектер арасындағы алғашқы ірі жарысы.

Эльдар Бірімбай Бакудегі алғашқы жекпе-жегінде габондық Амар Мұсаны 2:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Алайда келесі кезеңде Париж Гран-приінің жеңімпазы, әлем рейтингінде бесінші орында тұрған испаниялық Хавьер Перез Полоға есе жіберді.

Осымен екінші рет әлем чемпионатына қатысып тұрмын. Манчестерде (2019 жылғы, – ред) жекпе-жектерде бар білгенімді көрсете алмадым. Бар қателік өзімнен кетті, – деді ол жекпе-жектен кейін.

Биылғы дода Халықаралық таеквондо федерациясының 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Алдағы аптада мұнда Париж Олимпиадасына қажет ұпайлар сарапқа салынады. Бұл спортта рейтингі ең жоғары бәсеке – Олимпиялық ойындар (G20). Одан кейін әлем чемпионаты (G14), Гран-придің финалы (G10) мен Гран-при санатындағы жарыстар (G6) тұр.

Қазақстан таеквондошыларының нәтижелері:

Біздің даянг шеберлеріміз тәуелсіздік жылдары әлем чемпионатында барлығы 8 қола медальге ие болған. Жүлдегерлер: Қайрат Сарымсақов (2019 бен 2017 жылы), Арман Шылманов (2009 жылы), Аслан Батықұлов, Арман Шылманов, Назгүл Тәжіғұлова (2007 жылы), Лия Нуркина (2003 жылы), Әділхан Сағындықов (1999 жылы).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама