×

Шығыс Қазақстанда сел қаупі кезеңі басталды

Таулардың басында 13 елді мекенге қауіп төндіретін 144 мұздақ көл қалыптасады

 Динара Амантай 25.05.2023 | 13:20
Фото: ашық дереккөз

Шығыс Қазақстанда сел қаупі кезеңі басталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде Катонқарағай және Зайсан аудандарында, Риддер қаласында және Алтай ауданында 13 сел жүру қаупі бар ошақ орналасқан. Аталған аудандардағы таулардың басында 13 елді мекенге қауіп төндіретін 144 мұздақ көл қалыптасады. Мамандар жыл сайын қауіпсіздік мақсатында көлдер мұздан әлі ашылмаған сәттен бастап және сел қаупі бар жағдайды бақылау үшін олардың мұздан толық ашылуына дейін тексеру жүргізеді.

Облыста сырғыма қаупін тудыратын 9 учаске бар. Бұлар негізінен автожолдардағы, өзен бассейндеріндегі таулардың жағалық беткейлері мен құлдилары: Риддер қаласында – Громотуха, Уба; Алтай ауданында – Бұқтырма, Хамир, Черновая; Катонқарағай ауданында – Бұқтырма; Зайсан ауданында – Кендірлік.

Сел және сырғыма қаупі бар кезеңнің қауіпсіз өтуіне әзірлік мақсатында төтенше жағдайлар департаменті «Қазселденқорғау» ММ-нің Шығыс Қазақстан аумақтық пайдалану басқармасы филиалымен бірлесіп, сел және сырғыма қаупі бар учаскелерде облыс халқы мен инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын дайындады. Өзен арналары және сел, сырғыма қауіпті учаскелері бойынша жоспарлы жерүсті және аэровизуалды зерттеу кестесі әзірленді. Мұздақ көлдерде батиметриялық жұмыстар жоспарланған. Сел қаупі бар учаскелерде 20 ескерту және тыйым салу қалқандары және сырғыма қауіпті учаскелерде 18 қалқан орнатылды. Сырғыма, сел қаупі бар аудандардың жергілікті атқарушы органдарына, объектілері мен құрылыстары ықтимал сел қаупі бар учаскелерде орналасқан кәсіпорын басшыларына, жеке үй иелеріне хабарлама-ұсынымдар берілді.

Сел, сырғыма жағдайына мониторинг жүргізу үшін 9 маусымдық гидропост және 1 жыл бойғы гидропост жұмыс істейді.

ШҚО ТЖД және «Қазселденқорғау» филиалы сел тасқынынан тек оның алдын алу арқылы құтылуға болатынын еске салады. Қауіпсіздік мақсатында сел қаупі бар кезеңде тауларға барудан бас тартқан жөн. Тұрғындар аймақтарындағы сырғыма қаупі ықтимал орындар мен олардың шамамен шекараларын білуі керек.

Төтенше жағдай кезінде 112 нөміріне хабарласу қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама