Елді мекендерге төнген қауіп жойылды
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Абай облысының Бородулиха ауданында табиғи өртті сөндіру бойынша ТЖМ базасында жедел республикалық штаб отырысын өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Отырыс барысында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың баяндамасы тыңдалып, қазіргі ахуал туралы төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі, генерал-майор Ибрагим Күлшімбаев айтып берді. Сондай-ақ өрт болған жерден төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков баяндады.
24 мамырда сағат 09:00-дегі жағдай бойынша өртті ауыздықтауға жеке құрамнан 434 адам және 109 техника, екі тікұшақ және өрт сөндіру пойызы жұмылдырылған.
ТЖМ кеше қосымша Астана қаласы, Павлодар және Қарағанды облыстарының жеке құрамынан 133 адам және 26 техниканы жіберген.
Бүгін таңғы сағат 09:00-дегі жағдай бойынша елді мекендерге төнген қауіп жойылды. Өртті оқшаулау және жою бойынша барлық қажетті шара қабылданып жатыр.