×

«Елді мекендерге қауіп төніп тұр»: ТЖМ Абай облысындағы өртке қатысты мәлімдеме жасады

Өрттің ауданы 1500 гектар болды

 Динара Амантай 24.05.2023 | 10:15
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Абай облысындағы орман өртінің ауданы 1500 гектар болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ТЖМ мәліметінше, қазір 3 учаскеде өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өрттің таралуы толығымен тоқтатылып, оны сөндіру жекелеген ошақтарда жүргізіледі. Желдің күшеюіне байланысты тұзды көл ауданындағы үшінші учаскеде өрт төменнен жоғарыға ауысты. Ондағы өртті сөндіру үшін 20 техника, жеке құрамнан 64 адам жұмылдырылды.

Өрттің таралуының алдын алу мақсатында маңайдағы жерлер жыртылды. Алдын ала болжам бойынша өрттің ауданы 1 500 гектар болды.

Березовка санаторийі (108 адам, 36 үй), Березовка подхозы (169 адам, 53 үй) елді мекендеріне қауіп төніп тұр. Өрт орнына дейінгі қашықтық – шамамен 5-7 шақырым. Ол жерге 4 техника бағытталды.

Абай облысына қосымша Астана қаласы, Павлодар және Қарағанды облыстарының ТЖД 133 адам мен 26 техникадан құралған күштері мен құралдарын жіберді. Сондай-ақ Қарағанды қаласының әуежайынан «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы (4 адам) ұшып шықты.

Өрт орнына вице-министр, генерал-майор М. Күлдіков барды. Сондай-ақ командалық-штабтық машина (КШМ) жұмыс істеп жатыр.

Орман өртін сөндіруге барлығы 100 техника (оның ішінде 1 өрт пойызы) және 2 тікұшақ, сондай-ақ 402 адам («Семей орманы» МОТР-дан 66 техника, 231 адам, ТЖМ-нан 28 техника, 1 тікұшақ, 144 адам, ҚТЖ-дан 1 өрт пойызы, 10 адам, ЖАО-дан 5 техника, 7 адам, Қазавиаорманқорғаудың 1 тікұшағы, 6 адам экипажы, 1 УАЗ, 4 адам) жұмылдырылды.

Сондай-ақ орман өртін «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-873 және «Қазавиақұтқару» су ағызу құрылғысы бар МИ-8 тікұшақтары сөндіріп жатыр. Қазір 59 рет су ағызылды (157,5 тонна).

ТЖМ-де және департаменттің дағдарыс орталығында, сондай-ақ жергілікті жерде жедел штабтар ұйымдастырылды. Жедел желі телефондары жұмыс істейді.

«Қазгидромет» деректері бойынша 24-26 мамырда Абай облысының Бородулиха ауданында екпіні 15-20 м/с дейін болатын, солтүстік-шығысқа бағытталған жел күтіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама