×

«Ет жейсіңдер ме?»: «Менің атым – Қожа» фильміндегі бала туралы қызық естелік

Оның киноға түсуі кездейсоқ болған

 Халық үні 23.05.2023 | 22:50
фото: ашық дереккөзден

Құрбанәлі Амангелдіұлы есімді азамат өзінің Facebook-тегі парақшасына «Менің атым – Қожа» фильміндегі бала туралы қызықты естелік жариялады. 

«Қазақтың әйгілі «Менің атым – Қожа» филімінде Жұмағұлдың Дәулеті болып ойнаған – Юсуф Шамузов. Алматы қаласында дүниеге келген дүнгеннің баласы. Бір қызығы – бала жасынан актер болуды емес, дәрігер мамандығын қалаған. Яғни, оның киноға түсуі – кездейсоқ оқиға. Фильмнің режиссері Абдолла Қарсақбаев естелігінде: «Лайықты бала таба алмай, сарылып, бітіп тұрғанымызда, бір көмекшім: «Біздің бір көрші дүнгеннің кішкентай, тақылдап тұрған Юсуф деген баласы бар, соны көрсек қайтеді?» – дегені. Барсақ, түрі де келеді, өзі де тақылдап тұр, табанда қабылдадық.

Бірақ, бір ғана анадай жерде тұрған бөшкеден су әкелдіруге бір күн уақытымыз кетті. Бірде бара жатып, айдалаға жүгіріп кетеді, енді бірде өзі су ішіп, сосын жан-жағына шашып ойнай ма-ау, тіпті бірде даладағы көбелекті қуып кетіп қалды. Қойшы, әйтеуір, ақыр аяғында бүкіл тобымызбен көбелек қуып, бір қорапша көбелекті сыйға тартып, зорға көндіргенбіз», – деп түсірілім алаңындағы қызықты сәтті есіне алады» деп жазды автор.

Айтуынша, Юсуф Шамузов кейіннен Ленинградтағы медициналық институтты бітірген. 1983 жылдан бастап Қазақстанның бокс құрамасында бас дәрігер болыпты. Қазір Дубайда тұратын ол Біріккен Араб Әмірліктерінде бапкер де, дәрігер де болып еңбек етіп жүрген көрінеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама