×

Қазақстандағы жалғыз халықаралық телеарна Әзербайжанда хабар тарататын болды

Silk Way халықаралық телеарнасы әлемнің 118-ден астам елінде көпарналы режимде хабар таратады

 Халық үні 23.05.2023 | 15:55
фото: Jibek Joly телеарнасы

Қазақстан Президенті телерадиокешенінің Silk Way халықаралық телеарнасы Әзербайжан кабельдік телевизиясының 14 операторының арналар пакетіне енді.

Арна директоры Еркежан Күнтуғанның сөзінше, Әзербайжан аудиовизуал кеңесінің қолдауымен 15 мамырдан бастап Silk Way телеарнасы K@TV1, BAKTELECOM, AZTELEKOM, BİRLİK, AZOL TV, AZEUROTEL, AZERİ TV, BOSS GROUP, GSP, EUROSEL, RAHAT TELECOM, BEEONLİNE, MEGALINK TV, ODTV абоненттері үшін қолжетімді.

Бұған дейін телеарна пилот режимінде хабар таратты, операторлар техникалық параметрлерін тексеріп, Silk Way телеарнасын өз желілеріне қосуға әзірленді.

Басқа елдердегідей – әзербайжан телекөрермені көпарналы форматта ұсынылатын орыс, ағылшын, қазақ, қырғыз және өзбек тілдерінің бірін таңдай алады. Silk Way сигналы да Eutelsat Hot Bird 13 және Yamal 401 спутник платформаларынан жеке қабылдау үшін қолжетімді.

Екі ел медиасының белсенді ықпалдастығына биыл сәуірде Әзербайжан президентінің Қазақстанға ресми сапары жаңа серпін берді. Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Алиев екі ел халқының байланысын нығайтудағы қазақстандық және әзербайжандық БАҚ-тың маңызын атап өтіп, ақпарат құралдары мен медиа-өндіріс саласындағы серіктестікті дамытуды тапсырды.

Қазақстан мен Әзербайжан бұқаралық ақпарат құралдарының тәжірибе, контент алмасу және оны бірігіп дайындау кезіндегі өзара ықпалдастығы екі елдің қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға септігін тигізеді.

Silk Way телеарнасы әзербайжан көрерменіне отандық авторлық бағдарламалар, деректі жобалар, сондай-ақ ең үздік көркем контентті ұсынады.

Silk Way телеарнасы – Қазақстандағы жалғыз халықаралық телеарна. Ол әлемнің 118-ден астам елінде көпарналы режимде қазақ, орыс, ағылшын, қырғыз және өзбек тілінде хабар таратады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама