×

Биыл 270 мың бала жазғы лагерьде демалады

Оның 35 мыңы - әлеуметтік осал санатта

 Дәурен Ерболат 23.05.2023 | 12:55
Фото: YK-news.kz

Биыл Алматыда 270 мың бала жазғы лагерьге барады. Бұл туралы қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Жанат Айтпаева айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

2023 жылы қалада 270 мың бала жазғы лагерьде демалады. Оның 35 мыңнан астамы – әлеуметтік осал санатта. Олар үшін 209-дан аса мектеп жанында және қала сыртында 20-дан аса лагерь ашылады, - деді басшы өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Алматыдағы 8 аудан әкімдігі мектеп жанындағы лагерьде демалатын балаларды театрларға, музейлерге, кітапханаларға тегін апарады.

Жазғы демалыста балаларға арналған секциялар, клубтар, үйірмелер, еңбек топтары, экскурсиялар жұмыс істейді. Оларға 60 мыңнан аса бала қатысады деп жоспарланып отыр.

Оқушылар сарайында, 7 оқушы үйінде 14 мыңнан аса бала спорт секциялары, техникалық және көркемөнер үйірмелері, дойбы, шахмат, үстел теннисі, бокс, күрес, гимнастика, домбыра үйірмесі, би, футбол және тағы басқа үйірмелерге қатыса алады.

Мемлекеттік тапсырысқа сәйкес, 86 жекеменшік қосымша білім беру ұйымына 5 500 бала барады.

Аула клубтары кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімшелерде есепте тұрған, сондай-ақ берекесіз және аз қамтылған отбасыларда тұратын 8 500-ге жуық жасөспірімді қамтиды.

Ювеналды полиция мектеп жанындағы лагерьлерге инспекторларды жібереді. Олар балалардың жолдағы, су қоймасындағы қауіпсіздігі бойынша дәріс өткізеді.

Бұған дейін баласын жазғы лагерьге жібергісі келетін ата-аналарға мамандар кеңес берген еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама