×

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сингапурдың президенті келіссөз жүргізді

Ел аумағында бірлескен кәсіпорындар ашу мәселелері талқыланды

 Динара Амантай 22.05.2023 | 14:14
Фото: t.me/aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сингапур Репсубликасының президенті Халима Якоб келіссөз жүргізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Тараптар Қазақстан мен Сингапур арасындағы саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелеріне баса мән бере отырып, екі ел қатынастарының қазіргі жай-күйі мен перспективасын жан-жақты талқылады.

Сингапур президентінің Орталық Азия елдерінің арасында ең әуелі Қазақстанға келуі – біз үшін зор мәртебе. Сіздің Қазақстанға сапарыңыз – тарихи оқиға. Бұл сапардың өзара тиімді ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін. Қазақстан Сингапурмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсуге ниетті, – деді мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Халима Якоб мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны, сондай-ақ өзіне және сингапурлық делегацияға қонақжайлылық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сингапур президенті екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалады.

Өте дұрыс айтасыз. Бұл – Сингапур президентінің Қазақстанға, жалпы Орталық Азияға алғашқы сапары. Сондықтан бұл – өте маңызды сапар. Қазақстан – біз үшін Орталық Азия аймағындағы аса маңызды серіктес. Өйткені еліңізді, шын мәнінде, аймақтағы көшбасшы ретінде танимыз. Бұл – біз үшін өте маңызды әрі көп жылдан бері жақсы қарым-қатынас жасап келеміз. Бізді тығыз қарым-қатынасымыз ғана емес, ашықтық және тәртіп секілді қағидаттарға беріктігіміз де байланыстырады. Бұл – Қазақстан үшін де, біз үшін де маңызды, – деді Халима Якоб.

Мемлекет басшылары экспорт мүмкіндіктерін кеңейту, еліміздің аумағында бірлескен кәсіпорындар ашу мәселелері туралы пікір алмасты. Атап айтқанда, Алматы маңындағы «G4City» агломерациясының құрылысына қатысты бірлескен инвестициялық жобаның іске асырылу барысы, қаржы институттары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, президенттер Транскаспий халықаралық көлік дәлізі мен «Бір жол – бір белдеу» бастамасын бір-бірімен сабақтастыру, сондай-ақ елдеріміз арасында тікелей әуе қатынасын ашу жөнінде өзара тиімді ынтымақтастық перспективаларын қарастырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама