×

Талдықорған қаласының әкімі жансақтау бөліміне түсті

Бүгін ол жалпы палатаға ауыстырылып отыр

 Дастан Жұмабекұлы 18.05.2023 | 16:41
Фото: ашық дереккөз

Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев жансақтау бөліміне түсіп, жалпы палатаға ауыстырылды. Ақпаратты қала әкімінің баспасөз хатшысы Мәди Шакенов растады.

Бұл ақпарат рас. Қазір әкімнің жағдайы қалыпша. Жағдайы дұрысталды. Қазір жалпы палатаға ауысты. Жансақтау бөліміне жүйке жүйесіне байланысты ауруханаға 3-4 күн бұрын түскен. Жансақтау бөлімінде екі күндей жатты, – деді ол.

Оның айтуынша, осыдан бірнеше күн бұрын әкімді жедел жәрдем қызметі жұмыс орнынан алып кеткен. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында. Әлі нақты диагноз қойылған жоқ.  

Қала әкімдігінің ресми сайтындағы мәліметке қарағанда, Әсет Масабаев 1985 жылы 27 сәуірде Алматы облысында туған. 2008 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын, 2014 жылы Экономика және құқық академиясын, 2014 жылы Ресей халықтар достығы университетін бітірген. Еңбек жолын 2007 жылы «Алматы электр станциялары» ЖЭО-2 4-біліктілік тобындағы электр станцияларының жабдықтарына қызмет көрсету жөніндегі электромонтер болып бастаған. Одан кейін «Наз» ЖШС-інде 4-біліктілік тобының бас энергетигі, «Алмаз және КЮС» ЖШС-нің техникалық директоры, Алматы қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының жетекші маманы, энергетика және жылумен қамту бөлімінің бастығы қызметін атқарған.

2019-2020 жылдары Алматы қаласы энергия тиімділігі және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы болған. 2020 жылғы 12 қыркүйектен 2022 жылғы 4 наурызға дейін Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі болып еңбек еткен.

2022 жылғы 4 наурыздан бастап Талдықорған қаласының әкімі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама