×

ШҚО-да университеттердің бірі 1,9 млн теңгеге еден сүрткіш сатып алмақ болған

Антикордың ұсынымынан кейін шамамен 3 млн теңге үнемделді

 Халық үні 18.05.2023 | 06:16
фото: ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысындағы университеттердің бірі 25 мың теңге тұратын еден сүрткішті 1,9 млн теңгеге сатып алмақ болған. Антикордың ұсынымынан кейін мемлекеттік сатып алу жоспарларына түзетулер енгізіліп, шамамен 3 млн теңге үнемделді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департамент мәліметінше, талдау жұмыстары барысында «Семей медицина университеті» КЕАҚ Өскемен филиалының тұрмыстық заттарды жоғары бағамен сатып алмақ болғаны анықталды.

«Білім беру мекемесі 1,9 миллион теңгеге еден сүрткіш құралдың бір данасын және 1,2 миллион теңгеге 1 матрас сатып алмақ болған. Алайда еден сүрткіш құралдың нарықтағы орташа бағасы – 25 мың теңге, бір матрастың бағасы 30-дан 130 мың теңгені құрайды. Антикордың ұсынымынан кейін мемлекеттік сатып алу жоспарларына түзетулер енгізіліп, шамамен 3 млн теңге үнемделді. Бұл қаражат өзге тауарларды сатып алуға бағытталатын болады», - делінген хабарламада.

Жалпы жыл басынан департаменттің мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор мекемелеріне жасаған ұсынымдары бойынша 205 млн теңге үнемделді. Ал 2022 жылы 425 млн теңгеге үнем жасалған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама