×

Сириядағы жер сілкінісі: 3 ай бойы үйінді астында жатқан ер адам тірі табылды

Дәрігерлер оны оңалтуға ұзақ уақыт кететінін айтты

 Дастан Жұмабекұлы 17.05.2023 | 14:42
Фото: ашық дереккөз

Сириядағы зілзаладан кейін үш ай бойы үйіндінің астында жатып, тірі қалған ер адам табылды.

Бұл адамды құтқарушылар 16 мамырда жерді үйінділерден тазарту кезінде тапқан. Сирия ақпарат құралдарының хабарлауынша, ер адамның сақал-мұрты өсіп, қатты азып, арықтап кеткен. Дәрігерлер оны оңалтуға ұзақ уақыт кетеді деп отыр. Әзірше оның қалай аман қалғаны әлі белгісіз.

Еске сала кетсек, Сириядағы жер сілкінісінен 5,8 мың адам қаза тапса, Түркиядағы зілзаладан 50 мыңға жуық адам көз жұмған болатын. Осы алапат апаттан кейін көп адам үйіндінің астынан шығарылды. Оның арасында тірі қалғандар да болды.

Мысалы, Түркияда жер сілкінісінен кейін құтқарушылар 248 сағаттан соң бір қызды аман-есен үйіндінің астынан шығарды. Сонымен бірге Хатайдағы үйінді астынан 128 сағаттан соң құтқарылған 2 айлық сәби анасымен қауышты. Түркия мен Сирияда мұндай оқиғалар көп болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркия мен Сирияда болған алапат жер сілкінісінен зардап шеккендерге құтқарушылар мен тұрмысқа қажетті заттар жіберілген болатын.

Түркияның үш өңірінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу басталғаннан бері Қазақстан ТЖМ құтқарушылары 7 адамды құтқарды. Қаза тапқан 88 адамның, оның ішінде 10 баланың денесі шығарылды. Қазақстан құтқарушылар қолмен, сондай-ақ инженерлік техниканы, авариялық-құтқару жабдықтарын, шанц аспаптарын тарта отырып, 250 мың текше метрден аса үйінділерді бөлшектеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама