×

Хатайдағы үйінді астынан 128 сағаттан соң құтқарылған 2 айлық сәби анасымен қауышты

Ана мен сәбидің қауышқан сәті өте әсерлі болды

 Халық үні 03.04.2023 | 08:32
Фото: aa.com.tr

Түркияның оңтүстігінде болған алапат жер сілкінісі кезінде үйінді астынан құтқарылған сәби арада 54 күн өткенде анасымен қауышты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Дәрігерлер Гизем (жұмбақ деген мағына береді) деп атап кеткен үш жарым айлық Ветин Бегдаш 6 ақпанда Хатай провинциясында болған зілзаладан 128 сағаттан кейін аман табылған еді.

Содан кейін ол бірден ауруханаға жеткізіліп, еш жерінде жарақат жоқ, дені сау екені нақтыланған соң Анкарадағы ауруханаға ауыстырылған.

Отбасы және әлеуметтік қызметтер министрі Дерья Янык сәбиді анасы Ясемин Бегдаш емделіп жатқан Адана провинциясына апарып, екеуін кездестірді.

Ана мен сәбидің қауышқан сәті өте әсерлі болды.

Нәресте мен анасының бір-біріне туыс екені ДНҚ сынамасы арқылы дәлелденген.

Сәбидің әкесі мен екі ағасы 50 мыңнан астам адамның өмірін қиған жер сілкінісінен қаза тапты.

Бұл нәресте шынымен ғажайып. Оның аман қалғанына және денсаулығында ешбір кінәрат жоқтығына кәдімгідей таңырқадық және қуандық. Бұл расымен де жұмбақ. Гизем енді біздің де сәбиіміз. Ананы баласымен қауыштыру – әлемдегі ең асыл істің бірі. Осы қуанышқа ортақ болғанымызға шүкірлік етемін. Құдай оларға ұзақ та бақытты ғұмыр берсін, енді бір-бірінен ешқашан ажырамасын, - деген министр мемлекеттің аталған отбасына әрқашан қолдау көрсететінін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама